Кеш болса да, әділет орнағаны маңызды - Нұрлан Дулатбеков репрессия құрбандарын ақтау туралы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қуғын-сүргін мен аштық қасіретін қарастыру мемлекеттік деңгейде қолға алынып, нəтижесінде, бір кездерде қол жетпеген құжаттар іздестіріліп, екі нәубетті айғақтайтын көптомдық жинақтар жарық көрді. Бұл осы зұлматты зерттеушілерге көп мүмкіндік туғызды. Осы орайда «Карлаг. Тарихқа тағылым. Өткенге тағзым» атты зерттеу жұмысын жүргізіп, көптеген еңбек жазған ғалым, Karaganda Buketov University басқарма төрағасы-ректоры, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұрлан Дулатбековпен сұхбаттасқан едік.

а
Фото: Нұрлан Дулатбековтың жеке архивінен

Елімізде 31 мамыр — ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Алайда осы екі қасіреттің тарихи тамыры мен себеп-салдары әртүрлі екені белгілі. Бұл екеуін бір күнге шоғырландыру қаншалықты дұрыс? Мүмкін, олардың аражігін ажыратып, әрқайсына жеке күн арнау керек шығар?

Қазақстан посткеңестік елдердің арасында 31 мамырды заң жүзінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп ресімдеген алғашқы ел ретінде белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 24 қарашасында еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеп-зерделеу үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрудағы басты мақсат — сол дәуірге баға беру ғана емес, ең бірінші кезекте дәлелді фактілерді анықтау, саяси қуғын-сүргін құрбандарының оқиғаларын құжатқа түсіру, сайып келгенде ара-жігі ашыла қоймаған нағыз шындықты іздеу болды. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күнін екі бөлек ажыратудың қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені қай-қайсысын алсаңыз да қайғысы мен қасіреті, азабы мен мұңы ортақ. Менің ойымша, бүкіл ел осы бір қасіретті оқиғаларды бірге еске алып, ақтаңдақтарымызға тағзым ете алатындай бір-ақ күн болып қала бергені абзал, бұл — менің жеке пікірім.

— Карлаг тақырыбы — ел тарихындағы ең зұлмат беттердің бірі. Осы бағытта ондаған жыл бойы жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде қандай кедергілер, тосқауылдар немесе архивтік шектеулер болды? Тарихтың көмескі тұстарын ашудағы негізгі қиындықтар қандай?

Біз көптеген мұрағатта — Қазақстанда да, шетел асып та жұмыс істедік. Осы тақырыппен айналыса жүріп, асылық болмасын, кедергілерге тап болдым деп айта алмаймын. Керісінше, менің қандай зерттеу жүргізіп жүргенімді естіп-білгеннен кейін көп адам маған көмектесуге ұмтылды, қажетті материалдарды қайдан іздеуге болатыны жөнінде жол сілтеді. Финляндияның Хельсинки қаласындағы мұрағатта жұмыс істеген кезімде қызметкерлер өздері келіп, зерттеу үшін қызықты қорларды ұсынғаны есімде. Жалпы айтқанда, әрқашан ізгі көңіл мен жанашырлық сезіліп тұрды. Осы орайда, мұрағатшылардың өздерінің кәсіби құпиялары да бар екендігін айта кетпесе болмас. Олар барлық істерді жапа-тармағай бәріне бірдей бере бермейді. Иә, бізде бұл жөнінде келіспеушіліктер, дау-дамай да болды. Осыдан екі жыл бұрын 15-20 жылда жинаған барлық архивтік құжатты Қарағанды облысындағы архивке сыйладым. Жалпы көлемі 800 папкадан құралған 10 мыңнан аса бағалы материал қазір ғалымдардың игілігіне қызмет етуде. Шет елдерден, бұрынғы посткеңестік мемлекеттерден, жеке адамдардан жинаған құжаттарды іштей қимастықпен сыйласам да, қазіргі күндері жас ғалымдардың ғылыми еңбектеріне қызмет етіп жатқанына қуаныштымын.

карлаг
Фото: Алмагүл Меңлібаева

— Қарлаг жүйесіне қатысты жинақталған деректер мен архивтік құжаттар негізінде қанша ғылыми еңбек, кітап, монография жарияланды? Осы жарияланымдардың ішінде ерекше құндылыққа ие деп қайсысын атар едіңіз?

Шынтуайтына келгенде, Қарлаг тақырыбына арналған ғылыми-танымдық еңбектер жариялау бойынша кең көлемді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жарық көрген барлық кітап ғылыми айналымға алғаш енгізілген қазақстандық және шетелдік мұрағаттардан алынған баға жетпес құжаттармен әсерлі. Бұл еңбектерді оқи отырып, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың шынайы өмірімен қанығасыз, кейде тіпті оларға сену мүмкін емес. Қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде жарық көрген Қарлаг туралы кітаптардың дені әлемнің ірі кітапханаларына, мұражайлары мен мәдени орталықтарына, университеттеріне ұсынылды. Басылымдар Жапония, Ресей, Австрия, Польша елдерінде қалың оқырманға таныстырылып, шетелдік зерттеушілердің шынайы қызығушылығын тудырды. Мен тек сол кітаптардың бір-екеуін атап өтсем, олар: «Песчаный лагері тұтқынының тағдыры», Қарлагтың жұмыс істеп тұрған кезіндегі оқиғаларды бейнелейтін материалдар қамтылған Қарлаг туралы альбом (1931-1959). Альбомда тақырып бойынша Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттары мен мұражайларында жиналған НКВД-ІІМ Қарлаг тарихына қатысты фотосуреттер мен құжаттар топтастырылған. Мұнда тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбандарына айналған бірқатар көрнекті тұлғаның өмірбаяндық деректері қамтылған. «КСРО ІІМ Степной лагері тарихының очерктері», «Қарағанды облысындағы жапон әскери тұтқындары», «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» атты еңбектер және тағы басқа зерттеулер аса ауқымды деректі материалдар негізінде жазылған.

— Қарлагтың жанындағы «Мамочкино моласы» — жазықсыз жапа шеккен аналар мен нәрестелердің жерленген орны. Бұл қорымға алғашқылардың бірі болып назар аударған сіз едіңіз. Сол уақыттан бері қандай нақты жұмыстар атқарылды? Қорымның қазіргі жай-күйі қандай?

мамочкино
Фото: Алмагүл Меңлібаева

Иә, шын мәнінде Қазақстанда бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтеріп, бұл қорымды Спасск тәрізді бірыңғай мемориалды кешенге қосу және осы зираттың мемлекет қамқорлығында болуына өтініш білдірген едім. Осы ұсынысымыз іс жүзінде зиратты қорғау мәселесіне назар аудартты. Бұл, ең алдымен, оны тонаудан қорғау үшін жасалды. Вандалдардың крестерді ұрлап, зиратты қорлаған кездері болғаны жасырын емес. Сондай-ақ, зиратқа күтім жасалмаса, олар үгітіліп, жермен жексен болып кетуі мүмкін. Қазір мұндай фактілерге жол берілмейді.

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 2023 жылдың соңында жұмысын қорытындылады. Қолданыстағы заң негізінде 300 мыңнан астам азамат ақталды. Осыған байланысты сіздің жеке пікіріңіз қандай? Бұл — әділеттің салтанат құруы ма, әлде кешігіп жеткен шара ма?

Талай дүрбелеңде мойымаған Қазақстан халқы осынау аласапыран кезеңдер туралы естелікті мәңгі жадында сақтап, өткенге тағзым ететініне сенімдімін. Тарихи жадыны сақтау — болашақ ұрпақ алдындағы біздің адами борышымыз. Бүгінгі өскелең ұрпақ тарих сахнасындағы қасіретке толы тағдырлы кезеңдерді танығанда оларды оқулықта көрініс тапқан жай ғана эпизодтар деп қарамай, адамгершілікке, мейірімге, азаматтық жауапкершілік пен жақсылыққа үндейтін тағылымды сабақ деп түсінуі керек. Уақыт тұрғысынан келетін болсақ, кез келген әділеттілікті қалпына келтіру қашан болғанына қарамастан маңызды әрі құнды. Ең бастысы, мұндай шаралар ел тарихына деген қоғамдық сенім мен құрметті нығайтуға ықпал етуі тиіс.

— Университетте саяси-қуғын сүргін және ашаршылық зерттеу бойынша қандай ғылыми жұмыстар атқарылады?

Соңғы жылдары біздің университетте тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және ұлттық жадыны сақтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Университеттің ғылыми гранты аясында тарихшылар мен филологтардан құралған бір топ ғалым Отан тарихының ең қасіретті беттерінің бірі — Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1930-1950 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінді саралауға бағытталған зерттеу қызметінің маңызды кезеңін аяқтады. Бір жылдық мұрағаттық жұмыс пен далалық экспедициялар негізінде «құпия» және «аса құпия» деген грифі бар бұрын құпия болып келген құжаттарды, сондай-ақ зұлмат жылдар куәгерлерінің естеліктерін пайдалана отырып, екі тілдегі (қазақ және орыс) «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы аштық: мұрағаттық құжаттар мен естеліктер жинағы» дайындалып, жарық көрді. Бұл кітап зұлматтан аман қалған адамдардың дәйекті дәлелдері мен шынайы естеліктерін топтастырған алғашқы өңірлік басылым болды.

Әлемнің жетекші ғылыми баспаларының бірі — Palgrave Macmillan баспасының кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасын шығаруы бұл еңбегіміздің ғылыми құндылығы мен халықаралық маңызын арттыра түсті. Бұл қазақ халқының трагедиясын кең ауқымда шетелдік аудиторияға ұсынуға және зерттеу нәтижелерін тоталитарлық режимнің қылмыстары тақырыбы бойынша жаһандық дискурсқа енгізуге мүмкіндік берді.

карлаг
Фото: Алмагүл Меңлібаева

Жұмыс Қарағанды облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның қызметі шеңберінде жүзеге асырылып, оған біздің ғалымдар да кірді. ҰҚК, ІІМ, облыстық басқарма мұрағаттарына мұқият талдау жүргізілді, нәтижесінде 1930-1950 жылдары жазықсыз сотталғандардың мыңдаған есімдері анықталды. Жиналған мәлімет негізінде бірнеше мұрағат құжаттары мен естеліктердің тақырыптық жинақтары жарық көрді, мәселен «1920-1950 жылдары Орталық Қазақстандағы репрессиялар: мұрағат құжаттарының жинағы — Репрессии в Центральном Казахстане в 1920–1950 гг.: сб. архивных документов», «Кеңестік биліктің репрессиялық саясаты (1920-1950 жж.): зерттеулер, мұрағат құжаттары, естеліктер — Репрессивная политика Советской власти (1920–1950 гг.): исследования, архивные документы, воспоминания», сондай-ақ халықаралық индекстелетін журналдардағы 50-ден астам ғылыми мақала.

Біздің университеттің ғалымдары депортация тарихын, этникалық қауымдастықтарды және тоталитаризмге қарсы тұру формаларын зерттеу есебінен олардың тақырыбын кеңейте отырып, «Болашақ үшін есте сақтау» жобасы аясында зерттеу жұмысын жалғастырады.

Еске сала кетейік, осыған дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаудың тұтқынына түскен қазақстандықтардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз екенін айтқан болатын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын мемкомиссия 2023 жылдың соңында жұмысын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар