Кешегі зұлмат құрбандарын естен шығармау үшін, бүгінгінің зияраты мен ниет‑пейілі қажет - Р. Айтматова

АСТАНА. Мамырдың- 31‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ М. Әуезовты өмір бойы пір тұтып өткен жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашы­лы­ғы ғана емес, оның бүкіл өмірі де қазақ хал­қымен тығыз байланысты болды десек артық айтпаған болармыз. Оның шығармаларының басым бөлігіндегі көркем образдарының рухы қазаққа аса жақын болатыны сондықтан шығар.
None
None

Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өссе, әкесі Төреқұл Тұрар Рыс­құлов тың тіке­лей тәрбиесін көрген шәкірті болды. Төреқұл Айтматовты қолдай жүріп, Ташкент­ке оқуға апарып түсірген де Т. Рұсқұлов болатын. Кейіннен қырғыздың көр­некті қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген, Қырғыз Республикасы ОК екінші хатшысы қызметін атқарған Төреқұл Айтматов 1938 жы­лы «халық жауы» ретінде ұсталып, атылды.

Жақында Астанада өткен «Тарихтан тағылым ‑ өткенге тағзым» атты халықаралық форумға Төре­құл Айтматовтың қызы, әлемге та­нымал жазушы Шыңғыс Айтма­тов­тың әпкесі Розетта Айтматова арнайы шақырылған екен. Осы халықаралық жоба барысында сонау ақтаңдақ жылдар туралы, ұлт арыс­тарының жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған ең қа­сірет­ті кезеңі туралы Р. Айтматова да әңгімелеген болатын. Біз де кейінгі ұрпаққа сабақ болуы үшін айтылған Розетта Төреқұлқызының естелігіне назар аударуды жөн санадық.

«Біздің әкеміз 1937 жылы тұтқынға алынып, 1938 жы­лы қараша айының 5-і күні сол кездегі Фрунзе қаласының түрмесінде отырған 137 адаммен бірге атылды, деп бастады сөзін Розетта Айтматова. Әрине, түрмедегі 137 тұтқынның барлығы бір күнде атылмаған, бізге жеткен деректер бойынша қызылдың жендеттері қарашаның 5‑6-сы, яғни екі күн бойы қамаудағыларға бір-бірлеп үкім шығарып, артынша дереу атып отырған. Ал қарашаның 7-інде қандықол қарақшылар ештеңе болмағандай той‑тойлап, 8-ші қараша күні 137 өлікті ешкімге білдірместен көмуді жүзеге асырған екен. Сол күні мүрделерді жүк көліктеріне тиеп, оның үстін қалың брезентпен қаптап, түрмеден алып шығып Бішкектің маңындағы Шоңташ аталатын жерге алып келеді. Бұл Шоңташта сонау жылдардың өзінде үлкен кірпіш зауыты болған еді. Осы зауыттың ішінде терең әрі ұқыпты етіп қазылған кірпішті күйдіру қоймалары да бар болатын. Ал жаңағы атылған 137 адамның барлығы елге танымал қайраткерлер, текті отбасының азаматтары, ұлттың жүгін көтере білетін «қаймақтары» еді. Сондықтан да, бұлардың өліктерін айдалаға тастап немесе ашық-шашық көме салудың қаупі де зор болатынын олар да білетін. Жұртқа білдірмеу үшін 137 мүрде жасырын түрде Шоңташқа жеткізіліп, барлығы бірдей кірпіш зауыттың ішіндегі үлкен күйдіру қоймасына тасталады. Сосын зауыт қиратылып, оның орнында тек үлкен төбешік қана қалады. Ал атылғандардың отбасына түрмедегілердің бәріне бірдей қатынас‑хабар құқығынсыз он жылға соттау туралы үкім шығарылғаны жөнінде ақпарат беріледі.

Біз әкемізді ұзақ жылдар бойы күтумен өттік. Алдымен жазаға кесілген он жылдың тезірек өтуін тілесек, кейіннен шындықты білу, әкейдің сол жылдары-ақ атылып кеткенін есту үшін тағы он жыл керек болды. Шешеміз біздің әкеміздің аман оралатынына үлкен сеніммен қарайтын, оны Сібірдің бір түкпірінде кесілген мерзімін өтеп жүр деп есептейтін, балаларына‑бізге де осылай айтып, үнемі үміттендіріп отырушы еді. Алайда, сол қарғыс атқыр 1938 жылдың күзінде-ақ әкейдің атылып кеткені туралы шындықты жиырма жыл өткен соң ғана білдік. Сол кезде қолымызға әке өлімі туралы жазылған анықтаманы ұстатты. Бұл мәліметтердің ішінде әкеміздің атылған орны, ату жазасына кесілу себебі туралы ештеңе де жазылмапты, ал үкімнің орындалған мерзімі қате жазылған еді. Тек, осындай шектеулі ғана мәліметтерге арқа сүйеген шешеміз өзінің жарының сүйегі қай түкпірде жатқанын мына өмірінде еш біле алмай-ақ кетті», дейді Р. Төреқұлқызы.

Оның айтуынша, Төреқұл Айтматовтың, сол секілді қырғыз ұлтының бетке ұстар 137 адамының сүйектері жатқан орын туралы шындық тек 53 жыл өткен соң ғана ашылған. Қырғыздың шалғайдағы бір ауылының қарты бұндай «азалы-аласапыранды жерлеу» туралы әңгімені білетінін, сол күн мен сол орынды есінде мәңгі сақтағанын, осы уақытқа дейін бұл туралы тірі жанға тіс жармағанын, тек 1991 жылы өзінің де «төрінен көрі жақындаған» шағында ғана жариялауға бел буғанын жеткізген екен. Осылайша, 1991 жылға дейінгі бар ғұмырын үреймен өткізген куәгер қарияның көрсетуімен Шоңташ маңындағы бұрынғы кірпіш зауытының орнына қазба жұмыстары жасалады.

Әрине, КГБ-ның жендеттері сол кездері де бұндай қазу жұмыстарына барынша қарсылық білдіріп бақты. Ақыр аяғында олардың тарапынан: «жарайды, осы жерден сүйектерді таптық делік, бірақ онда кімнің жерленгенін қалай анықтамақсыңдар», деген желеулер де бұлғақтай бастайды.

«Бірақ, біздің бағымызға орай, қазу жұмыстары кезінде бірқатар құнды, айғақ құжаттары, оның ішінде төрт адамның айыптау қорытындысы табылды. Бұл төрт құжаттың бірі біздің әкемізге тиесілі болатын. Айыптау қорытындысы үш бетке жазылыпты. Ондағы қорытынды бойынша, үкім орындалардан бір тәулік бұрын әкеміз сол кездегі әйгілі 58-статьямен айыпталған, айыптау үкімінің көшірмесін де қолына берген екен. Бұндай қорытындыны сонда атылғандардың біреулері алған да, енді біреулері керек етпеген де болуы мүмкін. Әйтеуір, нақты факті - бұл қорытынды әкеміздің қолына тиген, ол оны төртке бүктеп гимнастөркесінің төс қалтасына салған, бәлкім ертесінде сотта өз‑өзін қорғамақ болды ма екен деп те ойлаймыз. Бірақ, сот ісі 20 минөтке ғана созылыпты, содан кейін әкейдің мойнына ең ауыр жазаны бір-ақ кескен. Үкім шығарылған соң, дереу түрме ауласына шығарып, жаны тез шықсын деген болулары керек дәл жүрегінен тақап тұрып атыпты. Ал сол оқ әкейдің гимнастеркасының төс қалтасындағы айыптау үкімі жазылған төрт бүктелген қағазды да тесіп өткен. Төрт бүктелген қағаздың ортасында оқтың ізі салған тесік пен соның айналасы ғана аз тарамдалып бүлініпті. Басқа барлық жері таза. Сүйекті алу барысында табылған бұл қағаздағы жазулар да анық еді, тіпті еш қиындықсыз оқуға болатын. Оның үстіне кірпіш күйдіретін қоймаға сүйектерді лақтырғанда біздің әкеміздің, сол кезде жоғары лауазымда болғандардың денесін бірінші лақтырғанға ұқсайды, ал қалғандары бірінің үстіне бірі, төбешік болып үйіле берген. Әлгі күйдіретін орынның табанындағы температура жоғары, оның үстіне айналасы таза қалыпта болғандықтан бірінші лақтырылғандардың заттары, оның ішінде әкеміздің төс қалтасындағы соңғы үкім қорытындысы жазылған қағаз тесілген күйі, бірақ сол қалпында бүлінбестен сақталыпты. Бұған сол сүйекті ашу кезіндегі куәгерлердің бәрі таңғалған болатын. Осы айыптау қорытындысының нәтижесінде ғана КГБ-ның сол кездегі протоколдары табылып, сол арқылы әлгі төбешікте атылғандардың барлығының аты‑жөндері анықталды. Олар арулап, қайта жерленді. Ал бұл орын кейіннен «Атабейіт» деп аталды. Бұл біз үшін ғана емес, бүкіл Қырғыз халқы үшін киелі орынға айналып отыр», дейді Р. Айтматова.

2008 жылдың маусымында сексенге қараған жасында Германия жерінде өмірден өткен адамзаттың Айтматовы атанған жазушы Шыңғыс Төреқұлұлының денесі де Бішкекке әкелініп, Қырғыз Алатауының белуарында жатқан «Атабейіт» зиратының іргесіне жерленген еді. Өзі қайтыс боларының алдында сол жерге жерлеуді жазушы да аманаттаған екен. Осылайша, өз шығармалары арқылы тоталитарлық жүйенің күйреуіне үлкен соққы берген заманымыздың заңғар жазушысы Ш. Айтматов та өз әкесінің іргесінде, басқа да қырғыз ұлтының арыстарымен, бір кездері ұлтының болашағы үшін қызмет атқарған, сол үшін «халық жауы» атанғандармен қатар жатыр. (Қырғыз елінде орын алған биылғы оқиғалар барысында қаза болған 16 адам «әділеттілік, бостандық пен Қырғыз халқының болашағы үшін көз жұмды» делініп Бішкек осы «Атабейіт» мемориалды кешеніне жерленген).

«Сталиндік зұлмат тек бір ұлтқа ғана емес, бүкіл адамзатқа бағытталған қырғын болатын. Бұндай өзінің халқын басқа бір алыстан келген жау емес, өз басшылары қоғадай жапыра қыру деген адамзат тарихында болды ма екен? Сталиннің құйыршықтары үшін кез-келген ұлтта бас көтерер адам қалмауы керек болды. Халықтар тозды, аштан қырылды. Біз де шалғай ауылдардың бірінде Кеңес одағының түкпір‑түкпірінен депортацияланып келгендермен бірге тұрғанбыз. Сол нәубет жылдарындағы бір оқиға есімде сақталыпты. Біздің үйге бір күні шешеннің баласы келіп, терезе алдында тұрып, тамақ сұрайтын еді. Сол кезде шешем қолына ілінген екі‑үш түйір картоп пен бір тілім асқабақты әлгі балаға ұстатып «мамаңа апарып бер, сосын қайнатып жерсіңдер», деген еді. Бірақ, аштан көзі қарауытқан бала оны естіген де жоқ, әлгі қолына түскендерді апыл-ғұпыл шикілей жей бастады. Сонда барып шешем : «жоқ бұлай болмас», деп әлгіні үйге кіргізіп, тамақтандырды. Сол күннен бастап шешем ас пісіргенде, бір бөлігін міндетті түрде «Исраилға» деп әдейі жеке алып қоятын. Нәубет жылдары біздің елде де көп адам аштан қырылды, Исраилдың туыстары, сол көшпен қуғындалып келген шешендердің басым бөлігі «өліктерін көрсетпестен» жоғалып кетті. Бірақ, шешеміз солардың арасынан ең құрығанда осы Исраилды тірі алып қалғанына қуанатын. Мен бұндай адамзат басынан өткен зұлматтың енді қайталанбайтынына сеніммен қараймын», дейді Р. Айтматова.

Сөзін аяқтай келе Розетта Төреқұлқызы зұлмат кезіндегі оқиғаларды еске алу - сондай нәубеттен сабақ алып, оларды ұрпақ жадынан шығармауы үшін қажет екендігін айтып өтті. Ұзақ жылдар бойы ұлт зиялыларының жүрегін жаралап келген саяси қуғын‑сүргін құрбандарының азалы бейнесі еш ұмытылмауы қажеттігін еске алды.

«Мен сол сталиндік зұлмат жылдары адамзаттың басына төнген қатер, қолмен ұйымдастырылған террорлық әрекеттер туралы кейінгі ұрпақ көбірек біле түссе екен деп ойланамын. Қазақстан Президенті Н. Назарбаевпен болған кездесуде, Елбасы Қазақстанның кең байтақ өлкесіндегі түкпірлерде қуғын‑сүргін құрбандары атылған, көмілген орындар, ортақ зираттар, құрбандардың молалары көп болғанын, олардың анықталып, сүйектерінің имантаразыланып, ишара‑ізеті ретке келтірілгенін айтты. Расында да, мұндай құрбан болғандардың топ-тобымен көмілген ортақ молалары бұрынғы КСРО аумағында өте көп. Қырғыз елінде бұндай белгілі орын бар, оны жұрт біледі. Бірақ, көңілге қаяу түсіретін бір өкініш бұндай азалы жерлерге ешқандай қазу‑зерттеу жұмыстары жүргізілмей келеді. Ал сондай шаралар атқару, құрбандарды аза тұтып, олардың бастан өткен қасіретін еске алу болашақ үшін қажет. Кешегі зұлмат құрбандарын естен шығармау үшін, бүгінгі ұрпақтың зияраты мен ниет‑пейілі аса қажет», деді Р. Төреқұлқызы.

Соңғы жаңалықтар