Кешіккен әуе рейсі үшін билет құнының 10%-ын қайтарып алған Самат Мұсабаев тәжірибесімен бөлісті
Ұшақпен кешігіп ұшып, өзі тәжірибеден өткен депутат Самат Мұсабаев компанияның ресми сайтына кіріп, шағым қалдыру үш қадамдық жұмыс екенін айтады. Үш сағаттан астам уақыт үшін билет құнының 10% сомасын қайтарып алған депутат бәрін ретімен түсіндіреді.
Бірінші, компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірін, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электронды поштаңызды жазасыз. Шағым қалдырасыз. Екінші, support@help.airastana.com – тұтынушыларды қолдау бөлімінен жауап келеді, «Сіздің шағымыңыз тіркелді» деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз. Үшінші, «Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді» деген хабарлама келеді. Осылайша, Сіз Мәжіліс қабылдаған заңның игілігін көресіз!
- дейді депутат.
Айта кетсек, былтыр Мәжілісте «Көлік туралы» заң талқыланғанда, депутаттар Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин оған «Тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3%-ын өтемақы ретінде қайтаруы тиіс» деген түзетуді ұсынған болатын. Депутаттың айтуынша, ұшақ, пойыз немесе автобус бір сағат кешіксе 3%, екі сағатқа 6%, осылайша қосыла береді. Тіпті, бұлай жалғаса берсе жолаушы билет құнын толық қайтарып алуына да мүмкіндік бар.
Бұл, әрине, тасымалдаушыларға ұнаған жоқ. Алайда, халыққа керек түзету, ел үнемі шағымданатын нәрсе болған соң сөзімізден танбай, айтқаннан қайтпадық. Ақыры, Мәжіліс заңға толықтыру енгізді, Сенат мақұлдады, қаңтар айында Президент қол қойды. Сөйтіп, осы жылдың басынан бері бұл заң күшінде!
- дейді Самат Мұсабаев.
Мәжілісмен бір рейстегі 180 жолаушының арасынан компанияға шағым түсіріп, өтемақы талап ететіндер аз екенін де айтады.
Егер, сол 180 адамның әрқайсысы шағым жасап, кем дегенде 8-9 мың теңгеден өтемақы алатын болса, сол күні кешіккен бір рейс үшін шамамен 1 440 000 теңгедей өтемақы төлеген болар еді... Әр рейс үшін бір жарым миллион төлеп отыру кімге ұнайды? Келесіде кешікпеуді үйренер еді!
- дейді депутат.