Кей адамдардың кредит алып, қарызға белшеден бату себебі неде

Ақмарал Бекмырзаева
Фото: А. Бекмырзаеваның жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде кредит алып, қарызы өскен азаматтарға қаржылық және заң бойынша кеңес беріп, оқыту курсы жүріп жатыр. Оқу тегін және оған кәмелет жасына толған барлық азамат қатысуға құқылы. Мұндай арнайы жоба ашудың себебі неде? Қазақстандықтар кредитті көбіне қандай мақсатпен алады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмырзаеваны сөзге тартқан едік.

«Қарызсыз қоғам» жобасы өткен жылы мамырда пилоттық режимде іске қосылды. Жобаның мақсаты – қаржылық сауаттылықты үйрету. Былтыр қолға алынған жоба еліміздің 8 өңірінде іске асырылды, оның аясында 65 мың адам қаржылық сауаттылығын ашты. 5 күндік курс барысында келушілерге қаржылық сауаттылық бағытында теориялық білім беріледі және оқу дәстүрлі форматта (офлайн) өтеді. Сонымен қатар оқу тегін және курс аяқталған соң қатысушыларға сертификат беріледі. Сондай-ақ, курс барысында білім алушыларға қаржылық сауаттылықпен қатар заң бойынша кеңес ұсынылады», - деді Ақмарал Бекмырзаева.

Жоба жетекшісінің айтуынша, әрбір қатысушының кеңесті жеке түрде алуына мүмкіндік бар.

«Биыл 5 ақпаннан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздің барлық өңірінде іске асырыла бастады. Жыл соңына дейін 750 мың адамның қаржылық сауаттылығын ашу немесе одан әрі жетілдіру жоспары бар. Оның ішінде 200 мың ересек адам, 100 мың студент және 450 мың оқушы мен колледж студенті. Курстан барлық азамат өте алады. Қатысушыларға жұмыс дәптері беріледі, оның көмегімен оқуды өз бетінше жалғастыра алады. Курсқа Qogamfin.kz сайты арқылы немесе өңірлердегі «AMANAT» партиясының филиалына жүгініп, не болмаса жергілікті әкімдік арқылы тіркелуге болады», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман қазақстандықтардың көбіне қандай кредит алатынын және несие қарызына бату себептерін айтты.

«Жалпы статистикаға сүйенсек, азаматтар көбіне тұтынушылық кредит алады, яғни заттай. Одан кейін қаржы ұйымдарынан микрозаймдар алатындар көп. Көп адам кредитті аса ойланбастан жалақыдан қайтарам деген оймен алады, сонымен қатар кейбірі амалдың жоқтығынан, яғни шарасыздықтан несие алады. Өйткені, біз олардан сұрағанда айтатыны, табысым жетпейді сондықтан кредит алдым дейді. Сондай-ақ, қазақстандықтар тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында кредитке сүйенеді. Статистикаға қайтып келсек, тұрғындардың 11%-ы табысы жетпегендіктен ал 89%-ы басқа да мақсаттар үшін несие алады. Сонымен қатар азаматтар ақша жинағысы келмейді немесе жинауға ақшасы жетпейді, осы жерде проблемадан шығудың оңай жолы кредит алу деп ойлайды. Бізге оқуға кредиттің құдығына түсіп кеткен түрлі жағдайдағы адамдар келеді, кейбірінің басында 20 кредиттен бар. Олардың көбі – микрозаймдармен әуестенгендер, ал микрозаймның пайызы жоғары», - дейді спикер.

Қаржылық сауаттылықты арнайы конкурс арқылы іріктеліп алынған қаржы сарапшылары оқытады.

«Сарапшыларға қойылатын талап – өз ісінің маманы болуы және келушілерге қарапайым тілмен үйретуі. Кейбір адамдар табысының қайда кетіп жатқанына өзіне есеп бермейді және ақшасын не үшін жұмсап жатқанын да білмейді. Осы орайда қаржылық сауаттылық ауадай қажет. Әр азамат алдымен өзіне есеп беру керек, мысалы «Бір айлық табысым қайда жұмсалды?» деген сұрақтан бастаған абзал. Біздің мақсат – азаматтардың ақшаны орынды, орынсыз жұмсаудағы ойын өзгерту. Тағы бір айта кететін жайт, қарызға бату мәселесін шешуде кешенді бағдарлама қажет және бұл – бір ғана органның жұмысы емес. Бұл мәселе әрбір құзырлы және жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп күресуін талап етеді. Сол сияқты қоғамды қарыздан құтқару мемлекеттік саясатқа айналуы керек және ол 5 күндік курспен шешілмейді, бұл жерде ұзақмерзімді жоспар керек және ол үнемі жүргізіліп отыруы тиіс», - дейді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы жетекшісінің айтуынша, банктер де азаматтардың қарызға кіріп, кредитті уақтылы қайтармауын қолдамайды.

«Елімізде кредит алып, қарызданушылардың орта жасы – 36 мен 42 жас аралығы. Сондай-ақ, жуырда белгілі болғандай Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, студенттердің 80%-да кредит бар. Жағдайды қиындата түсетіні – олардың ата-анасы баласының кредиті барын білмейді. Кейбір студенттердің қарызының пайызы өсіп кеткен, оны үйіндегілерге айтпайды. Осы жерде тағы бір кедергі – олардың жұмысқа орналасуы, себебі кредиттік қарызы бар түлектерді ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Оның үстіне қарызы көбейген адамның банк шоттары бұғатталады, банк картасы жоқ адам қалай жұмыс істейді? Осы айтылған проблемалар жеткіншекті әртүрлі теріс ойларға алып келеді, өйткені жас бала моральдық тұрғыдан тез сынады. Осыған байланысты біз табысы жоқ студенттерге кредит бермеу туралы ұсыныс жасағымыз келіп отыр немесе несие ата-анасының рұқсатымен ғана берілсін. Келесі ұсыныс тұтынушылық кредиттің ставкасын төмендету, қазір ол жоғары. Біздің тарапымыздан барлық ұсыныс жылдың соңында беріледі», - деді ол.

Сондай-ақ, спикер өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысамын деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалардың барын айтты.

«Бізге бір әйел келді, кәсіп ашамын деп қаржы ұйымынан қарыз алған, бірақ бизнесі жүрмей берешегі өсе берген, оның үстіне отбасылық проблемалар туындаған. Ауыр жағдайын айтып, бізден көмек сұрады. Қаржы ұйымдары микрозаймдарды аз уақытқа береді және оны тез қайтарған жөн, себебі оның үстемақысы жоғары. Осы орайда кәсіппен айналысқысы келетіндер үшін мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бар екенін айтқым келеді. Ол туралы жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалынан біле алады», - дейді А. Бекмырзаева.

«Қарызсыз қоғам» жобасының былтырғы талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша қарызға батқан тұрғындар көбіне Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында.

«Біз жүргізген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша елімізде көбіне әйелдер кредит алады, бірақ олар ер адамдарға қарағанда уақтылы жауып отырады», - дейді ол Ақмарал Бекмырзаева.

Соңғы жаңалықтар