Кейбір салық түрлерін жергілікті бюджетке беретіні аймақтар үшін жақсы жаңалық болды - мәслихат төрағасы

— Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрушылармыз. Біз үлкен өзгеріс алдындамыз. Бұл жолдағы бізге жүктелген міндеттің салмағы ауыр, жауапкершілігі зор. Оны мен Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жан дүниеммен сезініп, өзімше ой қорыттым.
Нағыз дамыған ел боламыз десек, тек саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайтыны белгілі. Сондықтан Президент елдегі саяси өзгерісті әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыратындығымызды атап өтті»,-деді мәслихат төрағасы.
«Біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтеміз. Алдағы жолда қиындық та, кедергі де көп. Бірақ одан қорқып, бағдарымызды өзгертпейміз, ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдаған жолымыздан таймаймыз», — деген Президент қазақстандықтарды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды. «Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», — деді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті,-деді Гүлқасима Сүйкентаева.
Оныі сөзіне қарағанда, ең төменгі еңбекақы көлемі өсті. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор — балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.
Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады» деді Мемлекет басшысы. Президенттің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң қарызға батқандар мәселесін біршама реттеді. Ахуалды біржола түзеуге қажет жүйелі шара ретінде аз уақытта өзінің тиімділігін көрсеткен Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өтті. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам өзінің қаржылық сауатын ашты. Олардың көпшілігі — 10 және одан да көп несие алған адамдар. Президент «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деп, Үкіметке Amanat партиясымен бірлесіп бұл жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Еліміз бойынша кейбір салық түрлерін (оның ішінде қосымша құн салығы да бар) жергілікті бюджетке беретін болғаны жолдаудағы аймақтар үшін жақсы жаңалық болды. Бұл республикадан бөлінетін мақсатты трансферт көлемін 50 пайыздан 25 пайызға азайтады.
«Біз Президент Жолдауында көрсетілген бағдардан ауытқымай, оң өзгерістерге бастайтын нақты тапсырмаларды орындауға дайынбыз. Тек алға ұмтыла берейік»,-деді мәслихат төрағасы.