Кейбір адамдардың МӘМС-ке жарнасын әкімдіктер қаражаты есебінен төлеу қарастырылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандырудан тыс қалған халықтың бір бөлігін қамтуға қатысты түсінік берді. Себебі осы адамдар скрининг, медициналық тексерумен қамтылмай отыр.

Медицинские услуги, врачи, медицина, больницы
Фото: freepik.com

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды медициналық сақтандырумен қамту жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған байланысты сақтандырылмаған азаматтарды тартуда жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қарастыратын бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер әзірленді. Яғни азаматтардың жекелеген санаттары үшін МӘМС-ке жарнаны облыстардың, республикалық маңыздағы қалалар мен елорда әкімдіктерінің қаражаттары есебінен төлеу мәселесі қарастырылып отыр. Сақтандырылмаған адамдар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек қолжетімді болып қалады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіне мыналар:

- жедел медициналық көмек;

- емхана қызметтері және паллиативтік күтім;

- шұғыл көмек (жаралану, улану және т. б.);

- зертханалық талдаулар (жалпы талдаулар, АИТВ және туберкулез диагностикасы);

- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу;

- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (диагноздың жекелеген түрлері) кіреді.

«Бұл ретте, сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы №703 бұйрығымен халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалау тобы құрылды. Премьер-Министр орынбасарының тапсырмасы бойынша облыстық және аудандық деңгейдегі сақтандырылмаған адамдарды МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі штабтардың жұмысы ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің басшылығымен жобалық кеңсе құрылды. Қор жұмыс жүргізу үшін апта сайын сақтандырылмаған азаматтардың тізімін береді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Өңірлік штабтар алгоритмге сәйкес жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етеді.

1) облыстық деңгейде:

- сақтандырылмаған тізімдерді аудандық штабтарға жіберу;

- жұмыспен қамту шараларымен қамту;

- жұмыссыз ретінде есепке қою;

- жергілікті бюджеттен C, D, E санаттағы тұлғаларды қаржыландыру бойынша мәселелерді пысықтау;

- Өңірлік штаб жұмысының барысы туралы апта сайын ақпарат беру.

2) қалалық және аудандық деңгейде:

- халықты ресми жұмыспен қамтуға тарту;

- кәсіпкерлік қызметті тіркеу;

- тұрғындарды жеңілдікті санатқа қосу;

- жұмыспен қамту мәселесі бойынша ақпараттық жүйеге деректерді енгізу (hr.enbek.kz);

- Өңірлік штабқа мәліметтерді ұсыну.

Еске салсақ, былтыр күзде медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн-нан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалғаны мәлім болды.

Сол кезде министрлік ауылдардағы 1,5 млн адамды медициналық сақтандыру бюджет есебінен болатынын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар