Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндетін жүктеді.
— Су мәселесін шешу — әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл — ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ.
— Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су — стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл — ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес, — деп толықтырды Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен екендігін айтты.
Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.
Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.
Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.