Кейбір жастар не себепті әскерге барғысы келмейді – министрдің орынбасары жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов кейбір жастар не себепті әскерге барғысы келмейтіні туралы сұраққа жауап берді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер «еліміздің өңірлерінде кейбір жастардың әскерге барудан бас тартуының себебін анықтадыңыздар ма?» деп сұрады.
- Көптеген себеп бар. Біріншіден, әр адам өз ортасында, белгілі бір ұжымда тәрбиеленеді. Бұл ретте отбасында, балабақша мен мектепте тәрбие мен тәлім алады. Олардың кейбірінде үрей болады. Себебі өз үйіндегі жайлы өмірге, еркіндікке, өмірінің қалыпты регламентіне үйреніп алған жастар әскердегі жаңа тәртіпке сескене қарайды, яғни мүлдем басқа ортаға түседі. Бұл - қалыпты құбылыс. Келесі маңызды мәселе - осы адамның бұл үрейді қалай жеңуіне қатысты. Атап айтқанда, бұл жағдайды біздің ортақ проблемамыз деп санаймыз және оны бірлесе еңсеретін боламыз, - деді С. Қамалетдинов.
Сонымен қатар тілшілер «жастардың әскерге барудан тартынуына әскери қызметкерлердің өлімі жағдайлары қаншалықты әсер етіп отыр» деп сұрады.
— Өкінішке қарай, адамдардың әскерден басқа да салаларда да өмірі қиылып жатады. Қайғылы жағдайлар мектептерде, балабақшаларда, жолдардағы көлік апатында да кездеседі. Сондықтан тек әскердегі жағдайға ғана екпін қою дұрыс емес. Қарулы Күштердегі мұндай жағдайлардың айтарлықтай азайғанын көрсететін статистика бар, - деді министрдің бірінші орынбасары.
Еске салсақ, биыл 19 мамырда Аягөз қаласының орталық аудандық ауруханасында мерзімді әскери қызметші бактериалды менингиттің гипертоксикалық түрінен қайтыс болды.