Кейде 10-15 сағаттап дайындалдым - шетелдік 8 университеттің грантын жеңіп алған оқушы

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысындағы №39 гимназияның 11-сынып оқушысы Алмат Сақийдулла шетелдік оқу орындарынан шақырту алды.

әлемнің 8 білім орнынан шақырту алған Алмат Сақийдулла
Фото: Алмат Сақийдулланың жеке архивінен

Жас түлекке University of Miami, Elmhurst, Caldwell, Augustana, UNO, FIU сынды АҚШ-тың беделді 7 университетінен шақырту келсе, оның 6-уы грант ұсынған. Сондай-ақ Малайзиядағы Xiamen University Malaysia оқу ордасы оны толық грантпен қабылдаған.

әлемнің 8 білім орнынан шақырту алған Алмат Сақийдулла
Фото: Алмат Сақийдулланың жеке архивінен

Kazinform тілшісі бағы да жанып, бабы да шапқан болашақ студентпен тілдесті.

Оның айтуынша, шетелдік оқу орындарына түсуді бала кезден армандаған және сол үшін көп жылдар бойы еңбек еткен.

- Мен Боралдайда тұрамын, жасым - 17-де. Отбасымда бесеуміз. Ең үздік оқу орындарында білім алу менің бала кезден арманым болған. Әкем екеуміз, әсіресе АҚШ-та оқып көруді армандадық. Кейін арман мақсатқа айналды, - деді ол.

әлемнің 8 білім орнынан шақырту алған Алмат Сақийдулла
Фото: Алмат Сақийдулланың жеке архивінен

Алмат арманына жеткізетін алғашқы қадам ретінде 6-сыныпта Назарбаев Зиякерлік мектебіне тапсырған. Алайда мектепке түсе алмаған. Одан кейін 9-сыныпта АҚШ пен Қазақстан арасында оқушы алмасуға мүмкіндік беретін Flex бағдарламасына тапсырып, оның финалдық кезеңіне дейін өткен. Бірақ бұл жолы да соңғы сәтте сүрінген. Десе де, ол сәтсіздіктерге мойымай, еңбектене берген.

- Ештеңеге қарамай, мақсатыма жетемін деп шештім. 11 сыныпта АҚШ пен Малайзияның бакалавр деңгейіне тапсыруға бел будым. 6-сыныптан бастап портфолио жинай бастадым. Оған волонтерлік қызмет, әртүрлі жарыстардағы жеңістер, жетістіктерімді қосып отырдым. 10-сыныпта 10-15 сағаттап дайындалып, IELTS тапсырдым және 7.0 ұпай алдым. Одан кейін халықаралық ҰБТ деуге келетін SAT тестін 3 рет тапсырып, соңғысынан 1420 балл алдым. Сосын желтоқсан айынан бастап оқу орындарына эссе жібердім, - деді ол.

әлемнің 8 білім орнынан шақырту алған Алмат Сақийдулла
Фото: Алмат Сақийдулланың жеке архивінен

Алматтың бұл еңбегі еш кетпеген. Ол осы жылдың қаңтарынан бастап шетелдік университтерден шақырту алды. Қазіргі уақытта ол АҚШ пен Малайзиядан келген шақыртудан бөлек, Назарбаев университетінің жауабын күтіп отыр.

- Болашағым туралы әлі нақты шешім қабылдамадым. АҚШ-та шетелдік студенттердің оқуын тоқтату секілді деректер болып жатыр. Сондықтан қазір ой үстінде жүрмін. Малайзияға баруым да мүмкін. Қайда барсам да, IT саласын таңдаймын, - деді түлек.

Ол мұндай мүмкіндіктерге ие болуының сыры - еңбек пен шынайы мақсатта екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар