Кейінгі 2 жылда шекаралас аудандардың негізгі капиталына салынған инвестиция өсті – министрлік
«2020-2022 жылдар аралығында шекара маңы аудандарының өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 144,1 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты өсуде. Осы аралықта шекаралас аудандардың негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 475,8 млрд теңгеден 2 048,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытудың проблемалары жоғары көліктік және логистикалық шығыстар, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жалпы жағдайларды қамтамасыз ететін жол, инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымның дамымауы болып табылады. Мемлекеттік қолдаудың көзделген шараларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту үшін жағдайлар жасалмаған», - деп мәселе көтерілген Ашық НҚА порталында жарияланған Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 9 шекаралық ауданда облыс орталығына қатынайтын автобус мүлдем жоқ.
«Бірқатар шекаралас аудандардың үлкен қашықтығы және жол инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жағдайы олардың экономикалық өсу орталықтарымен көлік байланысының әлсіздігінің басты себебі болып табылады. Мәселен, шекара маңындағы аудандарда қанағаттанарлықсыз жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары 6 мың шақырымнан астам. Бірқатар шекаралас елді мекендердің маңызды проблемасы - облыс орталығымен көлік қатынасының болмауы. 9 шекаралық ауданның облыс орталығымен жыл бойы автобус қатынасы жоқ», - деп баяндалған құжатта.
Қоса кетсек, көпшілік талқылауға шығарылған тұжырымдамада көрші елдермен салыстырғанда шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері әлдеқайда төмен екені жазылған.