Кейінгі 4 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2 есе өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі 4 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 1,2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі 4 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2 есе өсті

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізілгенге дейін денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы ауыр болды. Тапшылық 400 млрд теңгеге дейін жетті. Денсаулық сақтаудың жеке шығындары барлық шығындардың 39%-ын құрады. МӘМС-тің 4 жылғы жұмысынан кейін денсаулық сақтау жүйесі әлеуетінің өсуі байқалады. Мәселен, былтыр адамдар өз емханаларында 2019 жылмен салыстырғанда 3,2 есе көп қызмет алды», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Оның сөзінше, МӘМС енгізілгеннен бері денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған қаржы көлемі артқан.

«Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру осы кезеңде 1,2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өсті. МӘМС-тің арқасында еліміздің бір тұрғынының денсаулығына жұмсалатын орташа шығыстар екі есе өсті - 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін», - деп тоқталды Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша, МӘМС енгізілген тұста осы жүйемен 1 300 ұйым қызмет көрсеткен. Ал қазір олардың саны 2 мыңға жетті.