Кейінгі екі жылда 60-қа тарта жаяу адамды велосипед қағып кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында ресми көлік түріне жатқызылмаған қозғалыс құралдарының кесірінен зардап шеккендердің статистикасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: dreamstime.com

«Қазіргі таңда қоғамда аталған құралдарды тізгіндеу кезінде жол ережесін бұзудың кез келген формасына төзбеушілік қалыптасып келеді. Денсаулық сақтау ұйымдарының деңгейінде электрлі самокаттардан және өзге де қозғалыс құралдарынан зардап шеккендердің есебі жүргізіледі. «Стационардағы науқастардың электронды тізілімі» ақпарат жүйесінің дерегі бойынша, 2021 жылы 25 жаяу жүргінші велеосипедпен соқтығысып зардап шексе, 2022 жылы 33 адам, биыл алғашқы 3 айда 4 адам зардап шеккен. Өзге нақтыланбаған көліктерден 2021 жылы 50 адам, 2022 жылы 51 адам, биылғы бірінші тоқсанда 10 адам зардап шеккен» деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ, ол жауапта аталмыш қозғалыс құралдарын тізгіндеу кезінде заң бұзған адамдардың мәліметін қайда жолдауға болатынын еске салады.

«Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, оның ішінде қаскөй ереже бұзушыларды анықтауда азаматтар белсенділік танытып жүр. Олармен бұл тұрғыдағы ақпарат алмасу жұмысы электронды үкімет порталы мен «Е-Өтініш» платформасы арқылы жолға қойылған. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі 2020 жылдан бері «102» мобильді қосымшасы арқылы азаматтардан дыбыс және бейнехабарлама арқылы ақпарат алып келеді. Оның ішінде жол ережесін бұзған электрлі самокат тізгіндеушілер де бар», - дейді бірінші вице-премьер.

Роман Склярдың мәліметі бойынша, бүгінде велосипед жолы Астанада (70 шақырым), Алматыда (80,4 шақырым), Түркістан облысында (105 шақырым), Атырау облысында (24,2 шақырым) бар.


Соңғы жаңалықтар