Кейкі батырды халқымен табыстырған Ақан Нұрмановтың өлеңдері табылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиетінің таңдаулы 100 шығармасы санатына енетін «Құланның ажалы» романының авторы Нұрманов Ақан Шайдахметұлы небәрі 34 жас ғұмыр кешкен. 
None
None

Кеңес үкіметінің солақай саясаты мен цензурасын жазушылық шеберлігі арқылы айналып өте біліп, Кейкі батыр Көкембайұлын халқымен табыстырған суреткердің еңбегі алабөтен әңгіме.

Жазушының інісі Сүгірбай Нұрмановтың жазбаларына сүйенсек, Ақан 1933 жылы 30 сәуірде Талдықорғанның Ақсу ауданында туған. Алаш қозғалысына атсалысқан, Аманкелді батырдың үзеңгілес сарбазы Шайдахмет Нұрманұлы Әліби Жанкелдиннің көмегімен ұрпақ сақтап қалу мақсатында Жаркент жеріне көшіп келген.

«Шайдахмет әкеміз соғысқа кетуіне байланысты Қалима әжемізбен балаларды апалары Жамал Нұрманқызы мен нағашысы Серікбай Есмағанбетұлы Жаркеттен елге көшіріп әкеледі. Ақан мен Марат сол өлкеде туылады. Осылай дәулетті тұқымның ұрпағы тарыдай шашылады, алайда, ағайынды Шайдахмет, Әбдіхамит ақталып, інілері Шәймерден үшеуі 1942-1943 жылдары жаудан Отан қорғауға аттанады. Шайдахмет соғыстан оралмай, хабарсыз кетеді. Тек 1990 жылдары Белоруссия жерінде ерлікпен қаза болғаны және сол елде жерленгені анықталады» деп жазады Сүгірбай Нұрманов өз естелігінде.

Ақан Нұрманов Қостанай облысы, Аманкелді аудандық газеттінде еңбек жолын бастап, кейін республикалық «Жұлдыз» журналына әдебиет бөлімін қызметке ауысты. 1957 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің журналистика бөлімін бітіреді. Ол қысқа ғұмыры ішінде «Құланның ажалы» романын, «Солай болған екен», «Ор», «Аққу шоғыры» повестерін, «Күн ертеңге ауып барады», «Ымырт» әңгімелерін жазып, дарынды жазушы екенін дәлелдеп кетті.

Шығармалары арқылы қазақтың мұңын жоқтап, абыройын асқақтата білген біртуар жазушы өлең де жазған екен. Ақан Нұрмановтың қаламынан туған «Қырда» және «Кеш» атты өлеңдерді оқырманға таныстыруды парыз санадық. 1958 жылы «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің 12 сәуіріндегі нөміріне шыққан екі өлеңі Арқалық қаласындағы архивтен табылды. 

Қырда

Даланың сұлу жары, күткен көптен,

Сылаңдап келді, міне, құтты көктем.

Ағызып кәрі қыстың суық жасын,

Жүргізді ен далаға құқын өктем.

Тер ақты күн шекесі күнмен қызып,

Бұлқынды асау өзен сеңді бұзып.

Таң атса мамырлаған ақша бұлттар,

Көшеді бауырымен жерді сызып.

Сілкіді тоғай аппақ шоқ желегін,

Жамылды күнгей жота көк жібегін.

Аспанда бозторғайлар шырылдайды,

Паш етіп жырға толы өз жүрегін.

Көкпеңбек көк күмбезі неткен тұнық,

Тазартып сұлу көктем кеткен жуып.

Даланың төскейінде өктем үн бар,

Тұрғандай шүйгін шөбі леппен тұнып.

Тартылған оқтай түзу көп боразда,

Сызғандай шебер қолмен көк қағазда.

Осынау плугтардың салған ізі,

Жалғасып жатқандайын осы жазға.

  

Кеш

Батар күннің арайы қызғылт толқын,

Келтіріп кең даланың нұрлы көркін.

Аялап, сипап жердің жасыл шашын,

Жұпар лепті самал жел еседі еркін.

Қоңыр желмен қағады түн қанатын,

Баяулап беттен өбіп лебі салқын.

Қайта-қайта аймалап жер дидарын,

Қызыл күн балқып тұрды жүзі жарқын

Қара қанат бейне алып қыран құсап,

Жерге төніп мақпал түн жайды құшақ.

Биік көктен қызғанып ай қарайды,

Ақ дидары бір бозғылт мұнар бусап.


Батыр Жолайұлы

Соңғы жаңалықтар