«Кейкі мерген» ән айтып, сән-салтанат көрсететін туынды емес - Шөптібай Байділдин
- Сіз өмір сүрген орта Кейкі батырдың ауылы екен. Ендеше сол тұстағы тарихи оқиғалармен қатар, батырдың дара болмысы, түр-тұлғасы, мінез-құлқы секілді ерекше қасиеттерін қаншалықты танып-білдім деп ойлайсыз?
- Рас, менің ата қонысым, туған жерім - Кейкі батырдың ауылы. Сондықтан да 1963 жылдан бері батыр туралы кітап жазуды армандап, тарихи тұлғаның өмір кешуіне, тағдыр талайына құлақ түріп өстім. Кейкінің көзін көрген, қандыкөйлек достарының, сыйлас, туыстарының ортасында жүріп, ауыл қарияларының әңгімесіне қанықтым. Батырмен бір дастарқанда дәмдес болған ақсақалдармен жиырма жылдан астам аралас-құралас болдым. Менің Кейкі жайлы ел аузынан жинастырған мағлұматтарым - елу жылдың еңбегі. Сондықтан 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры, атақты мерген Кейкі Көкембайұлының тұлғалық болмысын хал-қадірімше танып-білдім деп айта аламын.
- Сіздің бағалауыңызша «Кейкі мерген» телехикаясында Кейкі батырдың дара бейнесі қаншалықты сәтті сомдалып шықты?
- 16 бөлімді «Кейкі мерген» телехикаясы «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен, менің Кейкі Көкембайұлының тарихи тұлғасын, өмір кешулерін арқау еткен «Кейкі батыр» кітабымның желісімен түсірілді. Сонымен бірге фильмге тарихшы Берік Әбдіғали екеуіміз кеңесші болдық. Бұл туындының режиссері Мұрат Бидосов - тәжірибелі, талантты азамат. Өз ісінің білікті маманы. Ал фильмге арқау болған Кейкі батыр өз заманында-ақ, аты аңызға айналған табиғатынан, жаратылысынан мерген адам. Оның ерлігі, батылдығы, батырлығы теңдессіз. Туындыда көрсетілген Кейкінің мергендігін сынайтын көріністер, артық әсерлеуі жоқ, шынайы өмірде болған оқиғалар. Басты кейіпкер Кейкі мергеннің рөлін театр және кино актері Дархан Сүлейменов сәтті сомдаған. Ол жігіттің жүріс-тұрысы, мінезі, атқа отырысы Кейкінің болмысына келіп тұр. Ал Кейкінің аяулы жары, «Қарғалы - Қайдауылдың» атақты байы Есенғұлдың қызы Ақжанды, қазақтың томпиған, қараторы, ажарлы қызы Жанерке Дүйсенбиева сомдады. Жанерке өз рөліне сай, жалынды, жігерлі, намысшыл, текті, нағыз батырға жар болатын қазақ әйелінің бейнесін сәтті алып шыққан.
- Фильмде өзге де тарихи тұлғалар образы қалай ашылған?
- Бұл фильмде көптеген көркем туындылардағыдай образдардың атын өзгертуге ұрынбадық. Ол дағдыға салынсақ, «Кейкі мерген» фильмін асыға күтіп жүрген көпшілік қауым енжар болатын еді. Өйткені халық осы оқиғалардың бел ортасында жүрген өздері қадірлейтін, танымал тарихи тұлғалардан көз жазып қалғандай күй кешетіні анық. Сондықтан фильмде Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Шолақтың Оспаны, Әбдіғапар хан, Амангелді, Ақжан, Бірәлі бай, Есенқұл бай секілді тұлғалар өз аттарымен аталды. Ал фильмдегі Шымырбай - болыстардың жиынтық образы. Біз бұл жерде нақты болыстардың атын атап, түсін түстемедік. Бүгінгі ұрпақтардың, жастардың арасында алауыздық болмасын деп фильмдегі екіжүзді Хамза бейнесі де қолдан жасалған қосымша образ болды.
Осындағы тарихи тұлғалардың сөздерін тыңдап отырсаң, артық-кем айтылған сөз жоқ. Барлығы да байыпты, парасатты, ақылды, дананың ойын толғап тұр. Бір-біріне қарсы айтатын уәжі де қисынды. Бәрінің түпкі ойы, мақсаты халықты қыспақтан жол тауып алып шығу. Бірақ сол кезеңдегі аласапыран қоғам, бұлғақ заман, араға іріткі салған қастандық бірлікке келтірмей барлығын құртып тынды. Фильмде қазақ халқының отарлық үстемдіктің табанына тапталған, қорланған, жәбірленген тұсы толық ашылған деп санаймын.
- Қазақтың хас батырын ұлықтаған тың туындыға көпшілік қауым зор ықылас танытты. Әйтсе де кемшілік тауып сын айтқан адамдар да бар. Жұрт пікірін қалай қабылдайсыз?
- «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой қазақ. Жалпы өз басым белгілі бір дәрежеде сәтті шыққан туындыға балайтынымды жоғарыда айттым. Ал адамның қолымен жасалған фильмнің «бір кем дүниесі» болатыны да белгілі. Ең алдымен, бұл 16 бөлімді телехикая «Қазақстан» РТРК» АҚ қаржылық мүмкіндігімен ғана жарыққа шыққанын назарға алғанымыз жөн. Сол себепті, «көрпеңе қарай көсілесің», барды жалғап, талды қармап түсірген фильм. Ал туындыға қазақтың керемет сән-салтанатын, лықсыған байлығын көре алмадық деп олқысынғандар сын айтып жатыр екен. Әрине, байлардың айбарлы ақбоз үйлерін тігіп көрсетсек, артық болмас еді. Бірақ ондай байлықты көрсету үшін де қалтаң қалың болу керек қой. Енді бір жағынан алып қарасақ, «Кейкі мерген» фильмі ән айтып, шашу шашып салтанат көрсететіндей туынды емес қой. Бұл - сол кезеңдегі қазақтың басындағы трагедия. Қуғын-сүргін көрген, үркін-қорқын болған, беймаза күй кешкен халықтың «байтал түгіл, бас қайғы» деген қиын күнін бейнелеген туынды.
Фильмге Торғай жерін, Кейкі жасырынған «Кейкі үңгірін» сол жерлердің өзіне барып түсірмеді деушілер бар. Оған айтар уәжім, Торғай жерінде Кейкі жорығын еске түсіретін тарихи орындар сақталмаған. Тіптен «Кейкі үңгірінің» өзі де бұрынғы қалпынан өзгерген. Қазақтың кең байтақ жерінде Торғайға тауы мен даласы, табиғаты ұқсайтын өңірлер баршылық. Отанымыздың қай пұшпағы болсын киелі ғой. Сондықтан шығармашылық топтың қолайына қарай киноның түсірілімі Қызылжарда, Қордайда, Отырарда, Шәуілдірде, Сығанақта өтті. Бұл көркем шығарманың қажетіне қарай жасалған дұрыс шешім деп ойлаймын.
- «Кейкі мерген» фильмінің халыққа, ұрпаққа берер өнегесін, танымдық тәрбиесін, маңызын қалай бағалайсыз?
- Бір ғасыр бұрынғы халқымыздың басынан өткен қасіретін халыққа, жастарға түсінікті, әсерлі етіп жеткізе алсақ, олжалы болғанымыз. Бүгінгі ұрпақ осы туындыны көріп, ел мен жердің қадірін түсініп, қанды бодауын сезініп, отаншыл, елжанды болуға тәрбиеленеді. Жастардың ұлттық намысы оянып, отанын қорғауға қашанда дайын тұрады. Осы үрдіс әрі қарай да жалғасын тауып қазақтың даңқты батырлары мен тұлғалары туралы жаңа фильмдер жарыққа шыға беруін тілеймін!