Кейінгі 20 жылда Еуропа Одағы Қазақстанға $200 млрд инвестиция бағыттады - Президент
САМАРҚАНД. KAZINFORM – Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға өңірдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеу негіз болды. Бұл туралы «Орталық Азия - Еуропа Одағы» саммитінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Саммитте сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан басшысына ризашылық білдірдірді.
- Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері Еуропа Одағы арасындағы саяси диалогты нығайтып, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды бекемдей түсу бағытында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға өңірдегі саяси тұрақтылық, экономикалық ілгерілеу мен өзара достыққа негізделген байланыс серпін берді, - деді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан өзара сенім мен ортақ мүддеге негізделген қарым-қатынас аясында Еуропа Одағымен байланыстарды нығайтуға күш салып келеді.
- Еуропа Одағы Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 50 млрд долларға жақындады. Бұл Қазақстан сыртқы саудасының 35% тең. Кейінгі 20 жылдың ішінде Еуропа Одағы елімізге 200 млрд доллар инвестиция бағыттады. Орталық Азия елдерінің арасында Еуроодақтың 80% тауар айналымы Қазақстанның үлесіне келеді. Елімізде мыңнан астам еуропалық компаниялар жұмыс істейді, - деп мәлім етті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, саммитке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев төрағалық етіп отыр. Тиісінше, алғаш болып сөз ол аталған іс-шараға қатысуға ниет білдіргені үшін Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен және Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшыларына алғыс білдірді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысу үшін «Конгресс-орталыққа» келгенін жазып едік.
Бұрын хабарлағанымыздай, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен келді. Оның барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесулер өткізді.