Кейінгі 3 жылда балалар мүгедектігі 11,4%-ға өскен - Светлана Жақыпова

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда кейінгі 3 жыл ішінде мүгедек балалардың көрсеткіші 11,4%-ға өсуі байқалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.

Светлана Жақыпова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Елімізде 732 мың мүгедек жан бар, бұл жалпы халықтың 3,6% құрайды. Оның ішінде 57% еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 27% зейнеткер және 15% балалар. Мүгедек жандардың нозологиялық формаларының құрылымы бойынша кәмелет жасына толған психикалық бұзылулар, қан айналымы жүйесінің аурулары және жарақат алу жайттары бар. Ал балалар мүгедектігі бойынша жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар және психикалық бұзылулар көбірек кездеседі. Талдау жұмыстары көрсеткендей, соңғы 3 жылда балалар мүгедектігінің 11,4%-ға өсуі байқалады», - деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, негізінен 7 мен 18 жастағы балалар мүгедектік көрсеткіші жоғары.

«Халықаралық аренада Қазақстан мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялай отырып және Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне қосылып, адам құқықтарына негізделген саясатты белсенді іске асырып келеді. Былтыр маусымда конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланды», - дейді ол.

Осыған дейін елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар