Елде демократияландырудың өте терең процестері жүрді – Салтанат Тұрсынбекова

Салтанат Тұрсынбекова
Фото: Салтанат Тұрсынбекованың жеке мұрағатынан

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы елдегі саяси реформалардың адам құқықтарын ілгерілетудегі маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Кейінгі төрт жылда Қазақстанда демократияландырудың өте терең процестері жүрді. Саяси реформалар мен ауқымды конституциялық реформалардың 4 пакетін іске асыру қорытындысы бойынша билік тармақтары арасында оңтайлы теңгерімі бар мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа моделі қалыптастырылды, сондай-ақ сайлау жүйесіне соңғы түзетулер енгізілді, олар 2022 жылғы қарашада Президент сайлауында сынақтан өткізілді және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында, сондай-ақ биылғы аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауында түпкілікті бекітілді.

«Мәжіліс пен мәслихаттардағы сайлау науқанына қатысты сайлау жаңа, неғұрлым демократиялық жүйе — пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтті. Бір мандатты округ бойынша кандидатқа дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді, бұл сайлаушыға өз өкілінің жұмысына тікелей ықпал етуге мүмкіндік берді, өйткені оның саяси жауапкершілігі белгілі бір округке байланысты. Сайлауға жүйелі ғана емес, жүйеден тыс оппозиция да қатысты, ал жалпы Мәжіліске алты партия  өтті, бұл — ел үшін тарихи нәтиже. Мәжіліс пен мәслихаттар 80%-ға жаңарды, ал бұрын-соңды болмаған бәсекелестік кандидаттарды әртүрлі сайлау технологияларын қолдануға итермеледі», — деді ол «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында.

Сондай-ақ, ол 2024 жылдан бастап облыстық маңыздағы қалалар мен аудандардың әкімін сайлау қалыпты практикаға айналатынын еске салды.

Салтанат Тұрсынбекова
Фото: Салтанат Тұрсынбекова

«5 қарашада облыс деңгейіндегі 42 аудан мен 3 қалада өткен әкімдердің пилоттық сайлауын ерекше атап өткен жөн. 45 әкім лауазымы үшін 125 кандидат күресті. Үміткерлер палитрасы алуан түрлі болды: экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауылшаруашылығы мамандары және басқалар. Барлық 7 саяси партия өз кандидаттарын ұсынды. Сонымен қатар, аудан әкімдерінің өткен сайлауы — Орталық Азия үшін бірегей тәжірибе. 2024 жылдан бастап бұл тәжірибе тиісті санаттағы барлық елді мекендерге кеңейеді. Осылайша, осы сәттен бастап қазақстандықтардың 75%-дан астамы өз ауылдарының, аудандарының және қалаларының әкімдерін тікелей сайлайтын болады», — деді орталық басшысы.

Соңғы жаңалықтар