Кейінгі төрт жыл Жер тарихындағы ең ыстық кезең болды

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым 2026 жылғы жаһандық климаттың жай-күйі туралы жаңартылған деректерді жариялады. 

Кейінгі төрт жыл Жер тарихындағы ең ыстық кезең болды
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның 2026 жылғы климаттың жай-күйі туралы жаңартылған баяндамасына сәйкес, кейінгі 12 жылдың барлығы метеобақылау тарихындағы ең ыстық 12 жылдың қатарына енді.

Оның ішінде кейінгі төрт жыл температура көрсеткіші бойынша алғашқы төрт орынды иеленді.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Жер бетіндегі ауаның орташа жаһандық температурасы индустрияға дейінгі кезеңдегі көрсеткіштен шамамен 1,47 градус Цельсийге жоғары болды.

Сонымен қатар Жердің энергетикалық теңгерімсіздігі артып келеді. Планета жылуды бұрынғыдан да жылдам жинақтап жатыр. Бұған парниктік газдар концентрациясының рекордтық деңгейге жетуі себеп. Олар Күннен келетін энергия мен Жерден тарайтын жылу арасындағы тепе-теңдікті бұзады.

Артық жылудың шамамен 90 пайызын Дүниежүзілік мұхит сіңіреді.

Қолда бар деректерге қарағанда, 2026 жыл мұхиттағы жылу мөлшері рекордтық деңгейге жеткен оныншы жыл қатарынан болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда климатты үздіксіз бақылап, алдын ала болжам жасау қоғам мен экономикаға төнетін қатерлерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жыл метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық екінші жыл болуы мүмкін екенін жазғанбыз. Мұндай мәліметті Еуропалық Copernicus климаттық мониторинг бағдарламасы келтірді.