Кейінгі үш жылда Өзбекстан табиғатына 77,8 млн доллар залал келді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Мемлекеттік экологиялық бақылау инспекциясы үш жылдың ішінде 3,5 мыңнан астам рейд жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Атап айтқанда, кейінгі 3 жылдың ішінде прокуратураға 429 қылмыстық істің материалы жолданды. Табиғатқа келтірілген залал 982 млрд сумға (шамамен 77,8 млн доллар) бағаланады, - делінген Өзбекстанның Экология министрлігі таратқан хабарламада.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы – 171, 2024 жылы – 172 және биыл 5 айда 86 қылмыстық іс прокуратура органдарына жолданды. Тиісінше, 275 факті бойынша құқық бұзушылар қылмыстық жауапқа тартылды.
Еске салайық, биылдан бастап Өзбекстанның ірі қалаларында қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындарды ашуға тыйым салынды.
Сонымен қатар, таяуда Ташкенттегі Green University базасында Халықаралық табиғатты қорғау одағының Орталық Азия бойынша кеңсесі ашылды. Ол өңірдегі 5 мемлекетке тән экологиялық мәселелерді зерделеумен айналысады.