Кейінгі жылдары елімізде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы артты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң 2015 жылы қабылданып, оның 2020 жылы енгізілуі басталды. МӘМС жүйесін енгізгеннен бастап денсаулық сақтауды қаржыландыру үш есеге өсті, оның ішінде МӘМС жүйесі қаражатының үлесі 0,4 трлн теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Медициналық көмекті қаржыландыру көлемінің ұлғаюы халықтың медициналық көмекті, оның ішінде жоғары технологиялық және қымбат диагностикалық қызметтерді пайдалануының артуына әкелді. Бұл жалпы өмір сүру ұзақтығының 2021 жылғы 70,2 жылдан 2023 жылы 75 жасқа дейін өсуіне әсер етті. Яғни, МӘМС денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесінде бірқатар проблема сақталып отыр. Олар мыналармен байланысты:
1) азаматтардың МӘМС жүйесімен төмен қамтылуы;
2) медициналық көмектің аралас пакеттерін әкімшілік басқарудың күрделілігі.
- Сонымен қатар, оң демографиялық көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесіне қосымша міндеттерді жүктейді. Атап айтсақ, халық санының соңғы 5 жылда 7 пайызға өсті (2018-2025 жж.), медициналық көмекті тұтынушылар санының артуы, яғни кейінгі бес жылда 60 жастан асқан адамдар саны 28 пайызға, балалар саны 18 пайызға өсті. Бұдан бөлек, аурушаңдық көрсеткіші де артты. Мұнымен қоса, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді пайдаланудың артуына байланысты стационарлық қызметтің орташа құны 1,6 есе өскен. Бұл МӘМС жүйесінің қаржыландыру моделін қайта қарау үшін объективті факторлар ретінде саналады және Заң жобасының негізінде ұзақ мерзімді актуарлық моделін қалыптастыру кезінде ескерілді, - деді министр.
Қазіргі уақытта, денсаулық сақтауды қаржыландыру аралас бюджеттік-сақтандыру моделі бойынша жүзеге асырылады.
- Дегенмен, ТМККК және МӘМС екі пакетінің болуы әкімшілік-басқаруды қиындатып және толыққанды сақтандыру жүйесіне көшуді баяулатуда. Жоғарғы аудиторлық палатаның 2023 жылғы тексеру қорытындысы бойынша медициналық көмекті 39 млрд теңге көлемінде пакеттен пакетке ауыстырып, қаржыландырылған жүйелік кемшілік анықталды. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүмкіндігі мен міндеттемелерін ескере отырып, «медициналық көмектің Бірыңғай базалық пакетін» қалыптастыруды тапсырды. Жоғарыда айтылғандарға байланысты МӘМС реформасы бұл - тек қажеттілік емес, сонымен қатар стратегиялық басымдық екендігі анық. Денсаулық сақтау министрлігі барлық мүдделі органдармен бірлесіп, жүйені нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық шараларды ұсынады. Бұл өзгерістер медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, енді МӘМС-пен қамтылмағандар ақысыз онкологиялық скринингтен өте алады.