Кез келген бизнес болжам жасаудан басталады - Ә. Шәменов
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Стартап өнері - идеядан іске асыруға дейін» атты семинар барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, инновациялар және кәсіпкерлікті басқару ғылымының магистрі Әбділда Шәменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, кез келген алғашқы бизнес-жоспар нарықтың ықпалына, қысымына төтеп бере алмайды.
«Бизнес ашуды ұйғарған кез келген адам ең алдымен болжам, жорамал жасайды. Кейін ол өзінің сол жорамалдарын нарыққа шығарып, зерттеу жасап, дәлелдеуі, растауы тиіс. Солардың дұрыстығына көзін жеткізуі керек. Қолға алған ісінің барысын, барлық кезеңін алдын ала көз алдынан өткізеді. Яғни, ол санасында сол бизнесінің тұтас бір моделін жасайды! Бизнесіне қатысты барлық сұрақтарға жауап іздейді. Ол нарыққа не ұсынбақшы? Ол сұранысқа ие ме? Клиенттері кім? Жабдықтаушылары кім? Шығындары қанша? Қанша қаржы керек? Міне, осы секілді сұрақтарға жауап береді. Яғни, бизнесін нарыққа бейімдейді. Сонда нәтиже болады. Қазіргі нарықтағы барлық ірі компаниялардың барлығы да кезінде стартаптық кезеңдерден өткен! Стартап - бұл компанияны құрудың ең алғашқы кезеңі. Стартаптың ерекшелігі - ол о баста өсуді, дамуды көздейді!» - деді өз сөзінде Әбділда Шәменов.
Бүгінгі семинарда спикерлер стартап-компанияларды іске қосуда бизнес-модельдің рөлі, венчурлы қорларды құру механизмдері, оларды қаржыландыру, стартап жобаларды құрудың негіздері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, семинарда стартап-жобаларға қатысты механизмдердің қалай жұмыс істейтіндігі, сондай-ақ осындай жобалардың сатылуы мен маркетингтік науқандардың қалай өтетіндігі шынайы түрде, көрнекі әдістермен көрсетілді. Әсіресе қатысушылардың арасында стартап-компанияның бизнес-моделін құру бойынша тәжірибелік жаттығулар ерекше назарға ие болды.