Кез келген спортшыда ұлттық рух, халықтық намыс болады - Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов қазақ спортындағы, оның ішінде бокстағы табыстарымыз туралы өз ойларын ортаға салды.
None
None

- Шалатай аға, Қазақ елінің спорттағы жетістіктеріне халық болып қуанып отырамыз. Қазақ спортының бүгінгі тынысы жайлы қандай ой айтар едіңіз?

- Ұлттың бойында ғасырлардан бері келе жатқан бір бейімділік қасиеттер болады. Мысалы, біздің қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі, солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұлан байтақ жерін ержүректігінің, жекпе-жектегі ерлігінің, қажырлы күрескерлігінің арқасында сақтап қалды. Содан да болар, «жекпе-жек» десе, біздің қазақ жігіттерінің арқасы қозып тұрады. Мысалы, қазір дүниежүзінде қазақ боксшыларымен санаспайтын ел жоқ. Оны бәрі мойындап, осы елдің жекпе-жек десе, бір ерекшелігі бар екенін түсінді. Кез келген спортшыда ұлттық рух, халықтық намыс болады.

Қазақтың жігіттері көкпарда да есесін ешкімге бермеген. Өйткені олардың бойында ерлік рухы бар. Додаға түскенде көз алдыңда олардың денесі өсіп кеткендей болады.

Біздің елде спорттың дамуына мемлекет айрықша мән беріп отыр. Лондонда өткен Олимпиадада табысқа қол жеткізген спортшыға біздің Елбасымыз жеке телефон соғып, елдің және өзінің атынан құттықтауын жеткізіп тұрды. Президенттің тілегі спортшыға қандай күш-қуат беретінін, мәртебесін көтеріп, төбесін көкке жеткізетінін өзіңіз де білесіз ғой. Алматыда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында да Илья Ильин жеңімпаз болған кезде, Елбасы телефон соғып, құттықтады. Бұл жеңіс Ильинге оңай келген жоқ. Соңғы мүмкіндігінде көтеріп, ел мерейін асырды. Жасұлан Қыдырбаев та әлем чемпионы атану үшін шыққан кезде бар күш-қайраты мен намысын салып, зіл темірді басынан асырып ұстап тұрды. Сол кезде оны ұлттық рух көтеріп тұрды! Сол чемпионаттың ерлері осы Илья мен Жасұлан болды.

Шоқыр Бөлтекұлы бастаған қазақ бокс мектебінен Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев және басқа да көптеген даңқты спортшылар шықты. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін Тұрсынғали Еділов, Дәмир Буданбеков, Ермахан Ыбырайымовтар ұлттық құраманы өрге жетеледі. Ал бүгінгі таңда Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер Қазақ елінің даңқын шығарып жүрген боксшыларды әрбір сайысқа тыңғылықты дайындап жүр. Қазақстан бокс федерациясының қамқорлығы мен ҚазМұнайгаз компаниясының демеушілігі біздің жігіттердің алаңсыз шұғылдануына жағдай жасап отырғанын айта кеткеніміз жөн.

Қазір «Астана арландары» командасы Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) өнер көрсетіп келеді. Арғы жылғы маусымда жеңімпаз да болдық. Байқап отырсақ, біздің елдің боксшыларының өнері басқаға қарағанда ерекшеленіп тұрады. Күшке де, әдіске де бейімді екендері байқалады. Жігіттердің бойынан қайсарлықты көремін. Күші сарқылып, аяқты басу, қолды көтеру мұң болып тұрған кездің өзінде соңғы сәтке дейін алысып жатады. Кейде әлемнің мықты боксшысымен кездескенде, біздің спортшының техникалық мүмкіндігі төмен болып тұрса да, қажырлылық пен қайсарлықтың арқасында солармен тең түсіп жататынын көріп, таңғаламын. Бұл біздің болмысымызда, қанымызда бар қасиет.

Ал біздің палуандар да жекпе-жекке шығады ғой. Олар соңғы жылдары әлемдік додаларда алға шығып жатқан жоқ. Соның себебін түсіне алмаймын. Мүмкін қаржы тапшылық ете ме әлде дайындық жетіспей ме? Немесе бұл салаға терең мән берілмей отыр ма? Әлде күрес саласы әлемде қарқынды дамып кетті ме екен? Күресті көріп, өгей баланың күйін кешкендей болып жүремін. Классикалық не еркін күрестен үлесіміз кетіп жүргеніне таңым бар.

Айталық, кейінгі жылдары қазақ күресі қарқынды дамып кетті. Әлем назарын өзіне аударды. Тіпті келешекте қазақ күресі жаһандық ең жоғары спорт ойыны - Олимпиада бағдарламасына енсе екен деген үмітіміз де бар. Біз көрмесек те, келер ұрпақ көрсе - арманымыз жоқ. Олимпиада ойындарына енген спорт түрлерінің қай-қайсы да әйтеуір бір халықтың спорттық жарыс түрі ғой. Сондықтан қазақ күресі де сондай деңгейге көтерілуге лайықты.

- Қазақ күресі несімен ерекше?

- Ол әдемілігімен ерекшеленеді. Кілемде күрескендердің таза жеңіске жеткенін көруге болады. Әдіс-тәсілдері тамаша. Бұл күреске күш те керек, әдіс те керек. Кейде әдіскер жігітті қарулы да қарымды жігіттің иіп әкетіп қалатын кезі де болады. Қазір киімі де, әдіс-тәсілдері де бір жүйеге келтірілді. Жалпы, күреске шындап мән беретін кез келді деп ойлаймын.

- Енді боксқа келсек, осы спорт түрінің жанкүйері екеніңізді білеміз. Астанада жарыстар өтіп жатқанда, бастан-аяқ тамашалап отыратыныңызды көреміз.

- Мүмкіндік болса, баруға тырысамын. Себебі жас кезімізде бокспен айналысқандығымнан шығар. Өйткені қай адамда өзі түсінетін мәселемен айналысады. Мысалы, спорттың да түрі көп. Мен боксты көріп, кейбір «әттең-айларын» ішіме түйіп отырамын. Кейде бапкерлеріне хабарласып, пікір алмасатын кезім де болады. Өзім 1963 жылы есейіп қалған кезімде, 17 жасымда бокс секциясына бардым. Ол кезде Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқыдым. Боксқа үш-ақ жыл қатыстым. Сол кезде Шымкентте Кеңес Омаров деген мықты бапкер болған. Мен сол кісіден тәлім алдым. Менің бойым салмағыма қарағанда ұзындау болып тұрды. Ол кезде 48-49 келі салмақта едім.

- Қандай спорттық дәрежеге жеттіңіз?

-- Спорт шеберлігіне кандидат болдым. Алматыда өткен студенттердің жарысына спорт шебері атағын қорғауға барып едім, әртүрлі әділетсіздік жағдайлар орын алды да, ақыры боксты тастап кеттім.

- «Астана арландарына» негізінен ұлттық құрамадағы жігіттер алынды. Мұның артықшылығы неде?

- Бұл өте дұрыс шешім. Әуесқой бокста кездесу үш минуттық үш раундтан тұрады. Ал WSB жобасы бойынша «Астана арландарының» жігіттері бес раундтық кездесу өткізеді. Бұл ұлттық құраманың жігіттері үшін бір жағынан шыңдалу мектебі болуда. Бес раундқа шыдаған боксшы үш раундты ойнап жүріп өткізеді. Бокста әр раундқа өз күшін есептей білудің маңызы зор.

Адам организмінің күші шексіз сияқты көрінгенмен, екі раундтан кейін боксшының күші сарқылып, дем жетпей тұрғандай болады. Бір минуттық үзіліс кезінде тәжірибелі бапкерлер не себепті солай болғанын және қалыпқа келудің жолын оған түсіндіріп үлгіреді. Боксшыны қайраудың жолын біліп, намысын жану керек. Есіңізде болса, Сиднейде Олимпиада ойындары болып жатқан кезде Мұхтархан Ділдәбеков ширек финалда кубалық Алексис Рубалькабамен кездесті. Куба боксшысының бойы да, қолы да ұзын, еңгезердей жігіт. Сонда екінші раундтан кейін демалып отырғанда, бапкері Нұрғали Сафиуллин «Неден тартынып жүрсің? Әй, сен қазақ емессің бе?!» деп жағынан тартып жіберді. Оның намыс отын жаныды. Мұхтархан намыстанып кетіп, келесі раундқа шыққан бойда кубалық боксшыны ұрып жықты ғой! Сондай-ақ екінші тыныс деген болады. Ол үшінші раундта ашылуы мүмкін. Жалпы, боксшы мен бапкер бір-бірін көзқарасынан түсінеді. Жұрт улап-шулап жатқанда, сен бапкердің бір сөзін естіп, енді бірін естімейсің. Ал көзқарасынан бәрін ұғынасың.

«Астана арландарының» басты қарсыласы - «А» тобындағы Кубаның «Cuba Domadores» командасы. Көп адам бұрын кубалықтарды бокс үшін жаратылған халық сияқты көретін. Бірақ куба жігіттері де адамның баласы, оларды да жеңуге болады. Қайбір жылы осында Кубаның құрама командасы мен біздің жігіттер бірге жаттығу жасап, өзара спарингтік достық кездесу өткізді. Ресми жарыс болмаған соң, «ұтылып қаламын-ау» деп абыржымайсың. Сол кезде біздің жігіттер олармен жақсы бокстасты, кубалықтарды да ұруға болатынын білді. Содан кейін болған жарыста біздің жігіттер оларды бет қаратпай ұрды ғой. Әлемдік чемпионатта кубалықтармен бес рет шаршы алаңда кездесіп, соның төртеуінде біздің жігіттер жеңді. Ең бастысы, боксшыларымыздың бойында күш-құдірет, рух пайда болды. Кубалықтардың табиғи құрылымдары боксқа жақындау, жылдам қимылдайды, генетикалық-физикалық ерекшелігі бар, қолдары ұзынау, дене бітімі жіңішкелеу болып келеді.

- Олар әрі төзімді ғой?

- Боксшының төзімділігі табиғи қабілеті мен жаттығу жасауына байланысты. Қажымай, талмай шұғылданғандар жеңіске жетпей қоймайды. Мысалы, жиырма жасында Олимпиада жеңімпазы болған Бекзат Сәттарханов Түркістанның таза қазағы. Кейін сұрастырып білгенімде, ол таңертең екі аяғына жарты кило, бір кило салмақты байлап алып жүгіреді екен. Мен оның Сиднейдегі америкалық Рикардо Хуареспен болған финалдық кездесуін көрдім. Әлем чемпионы деген атағы бар Хуаресті шаршы алаңда Бекзат тыпыр еткізбей қойды. АҚШ боксшысы соққысын тигізе алмай арманда кетті. Кейін марапаттау рәсімінде ол екінші орында тұрып, «Неге бұлай болды?» деп өз-өзіне ызаланып, көзінен жас сорғалап тұрды.

Ал Бекзаттың мүмкіндігі мол еді, тағдырдың жазуы солай болған шығар, ғұмыры қысқа болды. Өзі «Мен амандық болса, еліме үш мәрте Олимпиада чемпионын сыйлаймын» деп айтып еді.

Әлі есімде, Атланта Олимпиадасында Василий Жиров ширек финалда-ау деймін италиялық боксшымен шықты. Италия жігіті өзін-өзі көтермелеп, қарсыласына айбат шегіп, бір орында жер тепкілеп, «жеңіс менікі!» деп тұрды. Бірінші раундта Жиров ұтылды. 150-дей қазақстандық жанкүйерлер «Қазақстан, бас алға!» деп айқайлап жатырмыз. Америка халқы мәдениетті және қызуқанды болып келеді. Олар да бізді қолдап, «бас алға» дегенімізді «Қазақстан, Вася!» деп ұғынып, олар да екінші раундта бізге қосыла шулап кетті. Василий екінші раундта күш алды да, қарсыласымен тең түсті, ал үшінші раундта тас-талқан етіп жеңді. Өйткені үшінші раундта бүкіл зал «Қазақстан, Вася!» деп ұрандап бізге қосылды. Жанкүйерлердің Василийге күш бергені оның жеңіске жетуіне оң ықпал етті. Ең бастысы, үшінші раундта біздің боксшының екінші тынысы ашылды.

- «Астана арландары» клубына Серік Сәпиев басшылыққа келген соң, жақсы бір бастама қолға алынды. Бұрын кездесулер тек Астана мен Алматыда өтетін болса, биыл Қарағанды, Шымкент қалаларында болды. Бұл бастаманы Сіз де қолдайсыз ба?

- Мұның тиімді жағы өте көп. Біріншіден, өңірдегі тұрғындардың боксқа деген қызығушылығын арттырады. Екіншіден, сол жердегі жас боксшылар тәлім-тәрбие алады. Жалпы, қандай игілікті шара да бір жерде өтіп, келесі жерде болмаса, «Барлық жақсы дүние Астана мен Алматыда өтеді» дегендей ұғым пайда болып, адамдардың өкпе-реніштерін туғызады. Қазір игіліктерді өңір тұрғындары да көріп жатыр. Жергілікті ұйымдастырушылар да тәжірибе жинақтайды, кейін халықаралық жарыстарды өткізуге бейімделіп қалады. «Астана арландарының» Қарағанды қаласындағы кездесуі жоғары деңгейде өткенін естідік. Сол секілді Шымкентте де тамаша өтіпті. Өйткені оңтүстіктің тұрғындары спорттың екі түрін: бокс пен футболды жоғары бағалайды, осы екеуіне қызығушылықтары зор. Сонымен қатар Шымкент тұрғындары бокстың «әліппесін» жақсы біледі. Рингте бокстасып жатқан өз спортшысына қай кезде қандай демеу беру керектігін біледі. Ол жерде өнер көрсетіп жатқан саңлағымызға қосымша күш қосылып тұрғандай болады. Халық қолдап жатқанда, оның екінші тынысы ашылады.

- Осындай үрдісті өзге өңірлерде де жалғастырса, дұрыс болмай ма? Мысалы, Орал не Семей қалаларында бокс кешін өткізсе, қандай ғанибет?

- Дұрыс айтасың. Ақтауға да алып барып өткізуге болады. Шынын айту керек, Маңғыстау өңірінде бокс қарқынды дамып келе жатыр. Оның үстіне «Астана арландарының» бас бапкері Марат Жақиев сол батыс өңірінің азаматы. Сонымен бірге бокс дамыған аймақтармен қатар осы сала кешеуілдеп қалған облыстарға алып барып, тұрғындар мен жас жеткіншектерге «Астана арландарының» өнерін көрсетсе, тіптен жақсы. Өзіңіз айтқан өңірлерге, сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда кездесу ұйымдастырылса, оның да нәтижесі болары сөзсіз.

Қай жерде спорттың бір түріне баса назар аударылса, сол өңірден дарынды жастар өсіп шығады. Мысалы, 75 келі салмақта өнер көрсететін Жәнібек Әлімханұлы Алматы облысының шалғай ауданында дүниеге келген. Менің естуімше, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов ауыл балалары үшін бокспен айналысуға барлық жағдайды жасап, Жыланды ауылынан спорт мектебін ашқан екен. Міне, сол мектептің түлегі Жәнібек бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

- Бұрынғы батырлар елді найзамен, қылышпен қорғайтын болса, бүгінгі өркениетті заманда батырларымыз спорттық жарыстарда жеңіске қол жеткізіп, елдің мерейін асырып жүр ғой. Сондықтан спортшыларды қауіп-қатерден қорғаудың маңызы зор сияқты?

- Әрқайсысына жеке-жеке көзқарас керек. Жиырма жасында адам өзін жігіт сезінеді, бірақ ол өмір тәжірибесі аз адам ғой. Ол кезде жастық жалыны лапылдап тұрады. Шамамен 17-18 жасында болашағынан үміт күттіретін спортшылар айқындала бастайды. Сол кезде олардың бапкерлері ауысып кетеді. Жаңа бапкермен түсінісіп кетуі қиындық туғызады. Мысалы, 11 жасынан баптаған адам жас спортшыға өзінің баласындай қарайды. Шын мәнінде, әкелік сезім пайда болады. Өйткені қазақта «Иісіңнен айналайын» деген сөз бар. Кішкентайынан бірге жүрген соң, бір-біріне иісі сіңіп қалады. Сол себепті бапкерлер ауысқан кезде, спортшының жаңа ортаға бейімделіп кетуіне мән беру керек.

Спортшыларымызды қорғауда сақтық та керек, қамқорлық та қажет. Ойда жоқ жерде жарақат алмауына мән беруіміз керек. Қазақ «тіл бар, көз бар, пәле-жаладан сақтасын» деп бекер айтпайды. Біздің жас кезімізде бір оқиға болған. 1958 жыл болуы керек, футболдан Әлем чемпионатына барғалы тұрғанда 21 жасар КСРО-ның атақты футболшысы Эдуард Стрельцовты жібермей қойды. Жала жабылды, ақыры 12 жылға соттап жіберді. Сол жолы әлемдік додада Пеле жарқ етіп шықты, ол да солай өнер көрсетер еді, өкінішке орай тағдыры басқа арнаға бұрылып кетті. Бірнеше жыл абақтыда отырып шыққан соң, футболды қайта жалғастырды. КСРО құрама командасында ойнады. Бірақ оның 21-ден 28 жасқа дейінгі жемісті өнер көрсететін мәуелі кездерінің бәрі түрмеде өтті ғой. Оның ойыны ерекше болатын. Бойында табиғи дарын болды. Ол алаңда ойнап жүргенде сиқыршы сияқты еді. Қарсыластың қақпасына қарай шабуыл жасап келе жатқанда, өзінің әріптесіне аяғының өкшесімен пас беретін әдісі болды. Қарсы команданың қорғаушылары оны байқап үлгірмейді, өзімен бірге жүгіріп бара жататын еді. Сол кезде доп алған әріптесі қақпаға гол соғады. Өзі де мергендігімен танылған футболшы болды. Ол 1990 жылы 53 жасында қайтыс болған. Жарқылдап тұрған кезінде, оны отқа салып жіберді-ау деген күдік бар. Жігіттерді осындай қауіп-қатерден сақтау керек.

Жеңімпаз болып келгенде, спортшыға мемлекет, облыс тарапынан барлық жағдайды жасап, қымбат сыйлықтармен марапаттап жатамыз. Алайда, ол оны көтере алмай қалуы мүмкін. Қай кезде де спортшының қасында ақылшы адамы болуы қажет.

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар