Кездесу қарағандылықтардың «Нұр Отанның» мақсат-мүддесімен таныс екендіктерін және партияны толыққанды қолдайтындықтарын көрсетті

Кездесу барысында партияның сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттары талқыланды. «Нұр Отан» партиясы, Елбасы партиясы ретінде, ең алдымен, экономиканы модернизациялау тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Бұл партияның қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру мақсатына жетуге де жол ашады.
«Арселор Миттал Теміртау» металлургтеріне сөзін арнаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин: «Нұр Отан» үшін дауыс бере отырып, сіздер тұрақтылық пен бейбіт өмір үшін, береке-бірлік пен ынтымақ үшін, бүгініміз және болашағымыз үшін дауыс бересіздер! Біз тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында жеткен жетістіктерді, жаңа Парламентте, мәслихаттарда одан әрі жалғастыратын боламыз. Сол үшін 15-ші қаңтар күні өтетін сайлауда, бүкіл халқымыз жұдырықтай жұмылып, «Нұр Отан» партиясына дауыс береді деп сенім білдіреміз»,-деді.
Қарағандылық металлургтер әрқашанда Елбасын және ол басқарған партияны қолдап келгендіктерін сөз етті. Себебі, дәл осы жерде Президент, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы, өзінің еңбек жолын және саяси өмірін бастаған болатын. Сондықтан қарағандылық металлургтер үшін Елбасының барлық бастамалары мен ұстанған бағыты көңіліне жақын. Сондықтан болар кездесуге келген «Арселор Миттал Темиртау» кәсіпорны жұмысшылары «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын бірауыздан қолдап, 15-ші қаңтарда болатын сайлауда өз дауыстарын беру туралы шешім қабылдады.
Дәл осы күні штаб мүшелері Қарағанды облысының көмір шахталарының кәсіподақтар жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясының қазақстандықтардың заманауи мамандықтарды игеруге, қауіпсіз жұмыс жағдайымен қамтамасыз етуге, құқық қорғауға бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыратыны баса айтылды. Бұл мәселелер әрқашанда партияның басты назарында және кез-келген өтініш жауапсыз қалмайды. Айталық, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің атына 2006 жылы қыркүйекте Ленин атындағы шахтада көз жұмғандардың жұбайларынан шығын көлемін қайта қарауға көмектесуін сұраған өтініш түскен еді. Мәселенің өзегі - оларға міндетті сақтандыру жөніндегі келісімшарттар бойынша төленетін өтемақы көлемі жұмыс берушілерден тікелей өтемақы алатын жұмысшылардікінен біршама төмен.
Нұрлан Нығматулин, шахтерлар отбасында бірнеше рет болған, олардың жағдайын толық білетін адам ретінде «Арселор Миттал Теміртау» басшылығымен арнайы келіссөз жүргізіп, мәселе оң шешімін тапты.
«Нұр Отан» партиясы қазақстандықтарды толғандырған кез-келген мәселені жан-жақты қарап, барлық жағдайды ескере отырып шешуге тырысады.
Сондықтан болар, кездесу қарағандылықтардың «Нұр Отанның» мақсат-мүддесімен таныс екендіктерін және партияны толыққанды қолдайтындықтарын көрсетті. Олар 15-ші қаңтар күні сайлауда «Нұр Отанды» қолдауға дайын екендіктерін мәлім етті.