Кезекте тұрған әрбір үшінші алматылық биыл баспанаға қол жеткізеді - Бауыржан Байбек
«Мемлекеттік бағдарламалар шаһардың экономикасына өте зор әсерін тигізіп жатыр. Осылайша, қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны 4 есеге артты. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1800 үй салынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ғана биыл 4,5 мың үй пайдалануға беріледі. Жалпы қолданысқа берілетін үйлердің 60 пайызы жаңадан салынып жатқан аудандарда бой көтереді», - дейді Бауыржан Байбек.
Алматы әкімінің айтуына қарағанда, шаһарда жеке құрылысқа басымдық берілген. Осылайша, соңғы 2 жылда 1 триллион теңгенің 82 жобасы қолға алынған.
«Жеке инвестиция негізінде 7 мың орындық 54 балабақша салу шешілді. Инвесторлардың арқасында бюджеттегі 14 млрд теңгені үнемдеп қалдық. Демек, жобасымен келген инвесторға біз: «Сен егер үй салғың келсе, үймен бірге балабақша мен мектепті де сал» деп қолқа саламыз. Бүгінгі таңда үй сатып алғысы келген адамдар сол маңдағы мектеп пен балабақшаның, жайлы ауланың жайын ойлайды. Сондықтан, біз әр адам көліксіз дүкенге барып, балабақшаға баласын апара алатындай жағдай жасау жағында жұмыс атқарамыз. Тағы да қайталап айтамын, 7 мың балабақшаны жеке бизнес ашады. Оның 3 мыңы мемлекетке бірден беріледі», - дейді әкім.
Бауыржан Байбек, сонымен бірге, шаһарда кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы биыл үйге ие болатынын мәлімдеді.
«2017 жылы 5880 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда үш есе оң көрсеткіш. Демек, кезекте тұрған әр үшінші алматылық пәтерге қол жеткізеді. Жалпы, барлық көздер бойынша (мемлекеттік бағдарламалар, жеке инвестициялар - авт) биыл біз 14,5 мың пәтерді тапсырамыз», - дейді ол.