Кезінде Ахметтің еңбегін пайдаланғандар оған тіл білімінің төрін бергісі келмеді – Айгүл Ісмақова

- Айүл Серікқызы, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне арналған академиялық басылым қолға алынып жатыр екен. Бұл басылымда оның бұған дейін табылмай келген еңбектері жарыққа шығады деп айта аламыз ба?
- Өкінішке қарай, олай айтуға келмейді. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазумен басылған кітаптарын біздің М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері болған профессор, ғылым докторы Сәрсенбі Дәуітов Мәскеуден әкелген болатын. Содан бері осы институттың қорында тұр. Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының түпнұсқасы деген жоқ. Бәрі – төте жазумен басылған бірінші басылымдары. Ең алғаш 1909 жылы «Қырық мысалы» төте жазумен шыққан ғой. Тілтану еңбектерін тұңғыш рет біз топтастырып, шығарып жатырмыз.
1986 жылы мен Мәскеуден кандидаттық диссертация қорғап келдім. Екі жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы ақталды. Біз Мәскеуде табынып жүрген Бахтин сияқты постмодернист ғалымдардың еңбектерін он орайтын құнды мұраны Ахмет Байтұрсынұлы 100 жыл бұрын «Әдебиет танытқышта» беріп кеткенін көріп таңғалдық. 1928 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Мәскеуге съезге бара жатқан жерінен ұсталып, Беломорканалға жіберіледі. Ол жерде екі жыл отырады. Бадрисафа апамыз Максим Горькидің әйеліне хат жазып, сол хаттың қозғауымен үш жылға толмай Ахмет Байтұрсынұлы бостандыққа шығады. Ол жақтан Ахмет Байтұрсынұлы құр қол келмеген еді. Қуғында жүріп «Тіл танытқыштың» қолжазбасын жазып әкеледі. Мәскеудегі түркологтармен оны талқылайды. Өкінішке қарай, сол кітап әлі жоқ. 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» шықты ғой, ал Беломорканалдан алып келген «Тіл танытқыш» әлі жоқ.
Біз оны неге іздеп отырмыз? 1911 жылдан басталған «Әліппе», «Тіл құрал», «Сауат ашқыш», «Баяншы» сияқты еңбектерінің бәрін қорытындылап, «Тіл танытқыш» деген атпен бүкіл қазақ тілі қалай оқытылуы керектігін нұсқап шығармақ болған. Бірақ қолжазбасы бар болғаны анық. Өйткені жетекші түркологтардың талқылауынан өткен. Оны замандастары, Ресей ғалымдары растап, жазып кеткен.
Қазанмен бірге көмілген қазына
- Бұлардан басқа қандай еңбектері әлі табылмай жатыр?
- «Тіл танытқыштан» бөлек «Мәдениет тарихы» табылған жоқ. Тек бірінші тарауын тауып отырмыз. Біздің тілтанудағы жігіттер біраз жыл бұрын «Шаруашылық өзгерісі» дейтін мақаласын тауып, «Мәдениет тарихын» таптық деп сүйіншілеген. Ол «Мәдениет тарихының» кіріспесі екен. 1915-16 жылдары «А.Б» қолтаңбасымен «Қазақ» газетінің 8 бірдей санында шыққан бұл мақаланың өзі 107 бет болса, соның ішінде 147 рет «мәдениет» деген сөз кездеседі. Соған сүйеніп, бұл мақала «Мәдениет тарихының» алғы тарауы деп топшылап отырмыз. Сондай-ақ, «Әдебиет танытқыштың» соңғы тарауы жоқ.
20 жылдай болып қалды. Ара-тұра маған Қостанайдан бір үлкен ақсақал хабарласады. «Біз «Мәдениет тарихының» қайда екенін білеміз. Түбі табамыз» деген еді. Ахмет Байтұрсынұлының жары Бәдрисафа Мұхамедсадыққызы өмірінің соңғы жылдары Байтұрсын жұртындағы бір қораның қасынан кетпей, күзеткендей торуылдап өткенін сол кісілер айтып отыр. Әлгі қораның артында көмбе бар көрінеді. Ахмет Байтұрсынұлы екі қазанды төңкеріп, ішіне кітап жасырып көмген екен. Ішінде үлкен аталары ұстаған үлкен құран кітаптар мен өзінің бүкіл еңбегі бар деседі. Айтып келе жатқандарына 20 жыл болса да, мен сенем соған. Қысқасы, Қостанайдан бір хабар күтіп жүрмін.
Жуырда Орынай Жұбаева бастаған бірнеше ғалым Ташкенттің архивін ақтарып қайтты. Ол жақта сирек құжаттарды сканерлеуге болмайтындықтан шамалары жеткенше ең керекті деген жерлерін қолмен конспектілепті. Ал архивтен құнды дүние табу үшін бір реттік сапармен шектелмей, айлап-жылдап отыру керек. Мәскеу, Қазан, Орынбор, Санкт-Петербург, архивтерінде осындай табанды жұмыс жасалуы керек. Орынборда мұрағаттық деректер алу қиынға соғып барады. Бұл мәселе үкіметтер деңгейінде шешілгені оңды болар еді.
- Сонда сіздер дайындап жатқан академиялық басылымның жаңалығы қандай болмақ? Ең құнды деген бірнеше еңбегінің бас-аяғы түгел емес деп отырсыз ғой...
- 1988 жылдың қараша айында алаш ардақтыларының алғашқы легі ақталды. Ал 1989 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы», «Қырық мысал», «Маса» мен «23 жоқтау» еңбектері кирилл қарпінде жарық көрді. 1991 жылы Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен «Ақжол» деген кітап болып шықты. 2003-2013 жылдар бес және алты томдық жинақтары менің жетекшілігіммен жинақталып шықты. Тәуелсіздігімізге 31 жыл толды ғой. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері толық қамтылып баспаға берілген жоқ. Былтыр тамыз айында ғана рұқсат берді. Өткенде мемлекеттік комиссияның отырысында Ерлан Қарин мырзаға академиялық басылымын шығару керектігін айтқанда таңғалды. «Осыған дейін шықпағаны қалай?», - деп, қаржы мәселесін шешіп берді.
Мұндай кітаптардың тағдырын баспа ұйымдары шешетін болған. Мәдениет министрлігі тапсырыс береді, оны баспа ұйымдары ұтып алады. Бір томы 20 баспа табақтан аспасын деп талап қоятын солар. Одан бір сөйлемің асып етсе, сол жерден қиып тастайды. Кітабыңның соңғы сөйлемі аяқталмай жарық көре береді. Осындай қасаңдыққа ұшырап отырмыз. Тек Ахмет Байтұрсынұлы ғана емес, Алаш ардақтыларының еңбектері түгел осылай жұлмаланып басылып жүр.
Академиялық басылым дегенде 10 томдық шығармалар жинағының электрондық нұсқасы әзірленді. Ал кітапқа бес том болып шығады. 10 томды түгел басып шығаруға қаражат бермей отыр. Әлі күнге дейін біз шетелге шыққанда ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуының факсимилесін көрсетіңізші деп өтініш айтады. Биыл сол факсимиле тұңғыш рет баспа бетін көргелі отыр.
Ал 10 томдық электрондық нұсқасы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ресми сайтына салынады. Бұл жаңағы шетелдік ғалымдардың да Ахмет мұрасымен емін-еркін танысуына мүмкіндік туғызады. Электрондық нұсқаның кереметі сол, «Тіл құралды» Ахмет Байтұрсынұлы 8 рет басып шығарған. Бірақ бір дүниені қайталап шығара бермеген. Жазушылардан, мұғалімдерден алған ескертпелердің негізінде толықтырып отырған. Яғни, «Тіл құрал» кері байланыстың арқасында жетілдіріліп отырған.
Академиялық жинақта бүкіл шығармалары түпнұсқа немесе алғашқы басылым нұсқасында беріледі де, қасына қазақ тіліндегі аудармасы мен кирилл қарпіне көшіріледі, ғылыми түсіндірмесі қоса жазылады. Мысалы «Тіл құралдың» 8 нұсқасы да беріледі. Әр нұсқаның қай жылы басылғанын, алдыңғысынан қандай айырмашылығы бар екенін түсіндіріп кетеміз. Қазтуған жыраулардың толғаулары Ахмет Байтұрсынұлына дейін ешқайда жарық көрмеген. 1926 жылы «Әдебиет танытқышта» алғаш рет үзінділер берілді. «Тіл құралда» Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбайы», өзінің 23 жоқтауы жүр. «Тіл құрал» бірінші сыныптың оқушысына арналды ғой, соның ішінде сіз бен бізге қажетті тарихи аманат берілген. Тілдің ережелерін көркем әдебиет үзінділерін мысал етіп беру арқылы бекітіп отырған. Қазтуғаннан бастап Бұқар жырауға дейін, одан кейінгі Нысанбай, Доскейдің тарихи мәтіндерінен сөйлемдер жүр. Өзінің «Қырық мысалынан», Мағжан мен Ілиястың өлеңдерінен, Жүсіпбектің прозасынан, Әлиханның мақалаларынан сөйлемдер мысалға келтіріп отырған.
Сонда ол кісі тілді оқыта отырып, баланың санасына ұлттық кодты сіңіріп, есейтіп отыруды көздеген. Тіл арқылы бүкіл рухани құндылықты дарытуды мақсат тұтқан.
Түркі ғалымдарының арманы – Ахмет теориясымен ортақ әліпби түзу
- Төте жазудың факсимелесін сұраушылар көп екенін айтып отырсыз. Қазіргі қазақ оны аса бір қажет етпей жатқанда шетелдік ғалымдар не үшін қызығып отыр деп ойлайсыз?
- Еуропа, Ауғанстан, Түркия, Қытай, Иран елдеріндегі қазақ диаспорасының тілін, ділін сақтап, осы күнге жеткізген қуатты құралдың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы түзген төте жазу.
Төте жазудың негізінде араб жазуы жатыр ғой. Ал араб жазуында дауысты дыбыстар таңбаланбайды. Әлем түркологтары сондай күрделі әліпбиді қазақ тіліне икемдеп, тілдің бүкіл табиғи заңдылықтарына нұқсан келмейтіндей етіп әліпби түзгеніне таңғалады. Соның теориясын түсінгілері келеді.
Ахмет Байтұрсынұлы Бакудегі түркология съезіне қатысқанда 5 беттік баяндама жасап, қазақ тілін қорғап қалу – жалпы түрік тілінің негізін, болашағын қорғап қалу екенін ғылыми негізде дәлелдеп шыққан. Бүкіл әлемде әліппелер бар. Соның бәрін Ахметтің әліпбиімен салыстырып қараңызшы. Әліпби бірінде «ана» сөзінен, бірінде «аспан» деген сөзден, бірінде «отан» деген сөзден басталады. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі ғана «АР» сөзінен басталады. Мектеп қабырғасында балаға үйрететін бірінші сөз «АР» болған.
Ар түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың басты ұлттық коды екенін айтқан. «Білім есігін «АР» деген сөзбен ашқан бала ешқашан біреуге қиянат жасамайды, ешқашан өз отанын қорламайды, нағыз түркінің ұрпағы болып өседі» деген ұстанымы болған.
Қазір түрік, әзербайжан әліпбиінде «қ», «ң», «ө» әріптері жоқ. Латынға көшкенде түсіп қалған. Соны көрген Ахмет Байтұрсынұлы ескерткен, «Латынға көшіп жатқандарыңызға береке берсін, бірақ төл дыбыстарыңыздан айырыласыздар» деп нақты айтқан. Сол айтқаны айнымай келгенін көріп отырмыз.
«Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза сақталғаны» деп айтып жүруіміз сыртқа жүнімізді қомпайтып көрсету емес. Ахмет түзген әліпбидің арқасында түркі тілдерінің айтылымға негізделген заңдылықтары сақталып қалды. Оны қазіргі ғалымдары толықтай мойындап отыр.
Түрік ғалымдарынан бірнеше рет өтініш естідік. «Сіздер Байтұрсыұлындай ғұламасы бар елсіздер. Оның еңбектерін түсінетін ғалымдарыңыз бар. Байтұрсынұлы айтқан негізде бүкіл түркі әлемінің тілдік байлығын сақтайтын жаңа әліпби жасап беріңіздерші» дейді. Қазақ ғалымдарының Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын сақтаудағы рөлі туралы мақалаларын ғаламтордан сатып алып отырады екен. Бәрінің арманы әзербайжан, түркі, өзбек, қазақ, қырғыз бір-бірін еркін түсініп оқитын әліпби болса дегенге саяды. Бүкіл түркі әлемі осылай тәнті болған Ахметтің әліпби түзу әдістемесі қазіргі латын әліпбиін әзірлеу ісінде ескерілмей жатыр. Ескерілмей кетеді-ау деген де қаупіміз бар.
Латын әліпбиі Ахмет Байтұрсынұлының теориясы бойынша түзілуі керек
- Осы ойыңызды тарқатып айтыңызшы?
- Өйткені ахметтанушылар іске тартылмай отыр. Ол істің басы-қасындағылардың басты мақсаты қазақ тілінің дыбыс жүйесін пернетақтаға бағындырып беру болып отырған сияқты. Олай болмайды. Біз де түрік пен әзербайжандай төл дыбыстарымыздан айырылып қаламыз. Пернетақта өмірімізге дендеп енгеннен бері қазірдің өзінде төл дыбыстар шектеу көре бастады. Қазіргі жастардың көбі «ң»-ды айтпайды. Себебі пернетақтада ыңғайсыз орналасқан. Гаджетте жазу үшін қазақша клавиш жүктеу керек деген сияқты. Әуелі жазудан, одан кейін айтудан осылай біртіндеп-біртіндеп ысырыла береді. Пернетақтаны шығарған мамандар түркі тілді ортаның өкілдері емес екені белгілі. Сол сияқты араб графикасын да түркі тілдері тобына жатпайтын халықтың өкілдері түзді ғой. Ал Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін араб графикасына икемдеудің орнына, қиын жолды таңдап, араб графикасын қазақ тілінің заңдылықтарына икемдеді. Яғни, тілдің ертеңі үшін қиын, бірақ дұрыс жолды таңдаудың жарқын мысалы, теориялық әдістемесі бізде дайын тұр. Пернетақтаны қазақ тіліне икемдеу араб графикасын қазақ тіліне икемдеуден қиын болмаса керек. Оңайға емес, дұрыс іске бой ұсынғымыз келсе, қазіргі латын әліпбиін Ахметтің төте жазу түзу әдістемесін негіз етіп алғанымыз жөн.
Ахмет атамыз төте жазуды түзген кезде елмен ақылдасып отырған. Шәкәрім не айтады, Мәшһүр Жүсіп не айтады, соның бәріне құлақ асып, ескеріп отырған. Қазіргідей «Біз айттық, болды» демеген.
Ахмет кезінде латын мен кирилл қарпінің енгізілуіне қарсы болды. Кирилл қарпі енсе, қазақ тілінің табиғаты бұзылады деген. Айтқаны айнымай келді. Парламентте, Үкіметте оқылатын баяндамаларды қараңызшы, орысшадан қазақшаға аударады, не аударғанын қазақ өзі түсінбейді.
Қазақ мектептері қазақ тілін өзге ұлттарға үйрету әдістемесін пайдаланып жүр
- Қазіргі қазақ тілінің оқулығы Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарымен неше пайыз үндеседі? Қазақ тілін танытқыштың іргетасы Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» болуы керек емес пе? Әлде тіл оқыту бағдарламасы қолданыстағы әліпби негізінде жасалуы керек деген заң бар ма?
- Ондай заң жоқ. Өкінішке қарай, ахметтанушылардың өзі екі топқа бөлінеді. Біріншісі – алдыңғы буын ағалар. Солардың уайымын айтайын.
«Сіз Мәскеуден оқып келгеніңізге қарамай, «Ахмет қазақ тіліне керектің бәрін жалғыз өзі істеп кетіпті деп таңғаласыз. Бірақ біз академикпіз ғой. Бәрін Ахмет Байтұрсынұлы дайындап кеткен болса, біз сонда не істегенбіз? Сондықтан ақырын айтыңыз» деп ескерту айтады. Бірақ біз ақырын айтқанмен тарих кімнің не істегенін көрсетіп тұр ғой. Қазақ тілінің табиғатын, заңдылықтарын біз совет кезінде жете білмедік. Ал оның бәрін Ахмет қаттап, бекітіп кеткен екен. Оның еңбектеріне сол үшін тыйым салынған. Зат есім, сын есім, етістік, шылау, өлең құрылысы, тармақ, шумақ, бунақ бәрі Ахмет қойған атаулар екенін атамыз ақталған соң ғана білдік. Соны үнсіз пайдаланып, ғылыми атақ алған аға буынның кейбір өкілдері Ахмет Байтұрсынұлында жоғары білімі болмаған деп төмендеткісі келеді, төрге шығарғысы келмейді.
Оны айтпай-ақ қояйық, бірақ тіл оқыту арқылы мемлекеттіліктің тарихын меңгерту ұстанымына қиянат жасалмау керек қой. Мұны бізге шығартпаған күннің өзінде кейінгі ұрпақ бәрібір тауып алып, қажетіне жаратар еді. Ал ол кезде қаншама уақыт жоғалтар едік?!
Тіл ғалымы Орынай Жұбаеваның айтуынша, қазір бізде қазақ мектебіне арналған тіл оқыту әдістемесі өзге тілде оқитын сыныптарға арналған оқулық сияқты болып жатыр. Яғни, лексика бірінші орынға шыққан. Ол түбегейлі теріс. Ғылыми тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлының тіл оқытудағы ұстанымын басшылыққа алу керектігі туралы түсінік бар болғанмен, мектеп оқулықтарына келгенде ол ұстанымдар мүлдем шетқақпай көріп келеді. Біз тіпті осы уақытқа дейін оқытылып келген Ақановтың, Ысқақовтың оқулықтарына зар болып отырмыз. Жаңартылған білім бағдарламасы, Кэмбриджден келіп жатқан жаңалықтардың бәрі қазақ тілінің ерекшеліктерін ескермей енгізіліп жатыр. Грамматиканы білмеген адам тілдің заңдылықтарын білмейді. Ал заңдылықтарды білмеген адам «барлықтарыңызға рахмет», «көбісі» деп сөйлеп тілді арамдайды. Әлемде тіл оқытудың ең танымал, озық әдістемесі «IELTS» пен «TOEFL» деп есептеледі. Бұл екі әдістеме де грамматиканы оқытады. Ал бізде 2010 жылдан бері грамматика оқытылмайды.
Керек десеңіз, бүкіл академиялық грамматикамызды Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып қайта жазып шығуымыз керек. Сталин мен Ленин заманындағы ұстаным әлі қолданыстан түспей келе жатыр. Құдайберген Жұбановтарға «мылтық кезеніп» жазғызған дүниеден әлі арылмай жүрміз. Олардың басқа амалы жоқ еді. Ал біз тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, еріктен тыс таңылған дүниеден бас тартпай отырмыз. Әліппені Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарымен қайта жасадық деп айтып жүрміз. Шын мәнінде аракідік қана ескерілген.
Ахмет Байтұрсынұлы тіл оқыту ұстанымдарын жазып кеткеніне 100 жыл болғанын, одан бері тіл дамып кеткендіктен ескіге жармаса бермеу қажеттігін айтып жүргендер бар. Олар Ахмет Байтұрсынұлының рай мен етістің түрлеріне қатысты ұстанымдарын алға тартады. Етістің 10 түрі, райдың 15 түрі деген қазір шынымен де томпақтау болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл ғалымның соңғы ұстанымы деген сөз емес. Архангельскіден алып келген «Тіл құралдың» соңғы нұсқасын таппай отырғандықтан, оның бұл мәселедегі ақырғы ұстанымы қандай болғанын дөп басып айта алмаймыз.
Грамматикадан аттап кеткеннің кесірінен орыс тіліндегі септіктің бәрін қазақ тіліне әкеліп жатырмыз. Бір тілдің тәртібі екінші тілге жүрмейді. Қазір екі тілде қатар сөйлеп жазуға, орысшадан қазақшаға жылдам аударуға ыңғайлы болсын деп қазақ тіліне орасан қорлық жасап келе жатырмыз. Онымен күресушілер бар. Бірақ олар салдарымен күресіп жүр. Себебімен күресуіміз керек негізі.
Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл менікі ертең үшін» дегенде, кейін бір дұрыс ұрпақтың келетініне, басын бәйгеге тігіп жүріп жасаған еңбегінің кәдеге жарайтынына батқан күннің қайта атарындай сенген ғой. Біз сол сенімді ақтай алмай отырмыз. Мүмкіншілігіміз бар. Институттар құрылған. Мемлекет ақша да беріп отыр. Латынға 15 жыл ақша беріп келді. Бірақ, кейбір жағдайда Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен заңдылықтарды белден басып отырғандарды да байқағандаймыз. Ол Ахмет Байтұрсынұлының жеке қиялынан немесе амбциясынан туындаған заңдылық емес, тілдің заңдылығы ғой. Бір сөзбен айтқанда, совет саясатының ыңғайына қарай жасалған дайын дүниені тез-тез ұсынып, тез-тез қаржы алудан аса алмай жүрміз. Осының ақырында үлкен қарғысқа ұшырайтынымызды ойлап жатқан замандастарым жоқ. Меніңше, қазір латынша қазақ әліпбиінің басында үстірт ғалымдар жүр. Қазақ тіл білімінің басты құндылықтарын түзіп берген Ахметтің нұсқаған жолы дұрыс екенін мойындау әруаққа емес, бізге қажет. Маған бір ағамыз «дипломы болмаған Ахмет неге мен сияқты академикке ақыл айтып, жөн сілтеуі керек» деген. Қазір сол адамның көзі тірі. Шешуші орындарда сондай түсініктегі адамдардың шәкірттері көбірек отырған болуы керек. Оқулық шығару, әліппе түзу ісі де солардың айтқанымен кетіп жатыр деген ой келеді.
Мені Анар Салқынбаева, Орынай Жұбаева сияқты Ахметтің бағытын ұстанған тілші-ғалымдардың латын әліпбиіне көшу ісіне тартылмай отырғаны қынжылтады. Екеуінің біліміне, ғалымдығына ешкім дау айтпайды. Бірақ іс басына жібермейді. Өйткені оқулық десе, грамматиканы жоқтайды, түркі тілдерінің заңдылықтарын бірінші орынға қояды деген сияқты. Қазіргі фейк үрдіс ғылымға да орнығып жатыр. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен кетіп бара жатырмыз.
- Грамматика оқытылмай қалды деп отырсыз. Одан қарапайым қазаққа қандай зиян келді? Нақты мысал айта аласыз ба?
- Мен қазір Назарбаев университетінде сабақ беремін. Алдыма келген студенттер сөздерді білгенімен бір-бірімен байланысу заңдылығын білмейді. Құрастырып оқи алғанымен, мағынасын түсінбейді. Назарбаев зияткерлік мектебін бітіріп келген оқушылар ауызша өзі туралы мәліметтің өзін айта алмайды. Оқи алады, бірақ сөйлеу дағдысы жоқ. Өйткені мектепте сөзді тақтаға жазып көрсетеді. Оны бала фотографиялық жады арқылы ғана меңгереді. Берілген білім айту, тіл сындыру, есту функциялары арқылы бекітілмей жатыр. Мектеп мұғалімдеріне айтсақ, алдымдағы 40 оқушының қайсының аузына қарап отырам дейді. Ондай мұғалім тілдің алдында күнәһар ғой, бірақ.
Ахмет пен Мағжанның педагогикалық әдістемесіндегі бірінші талап тілді дыбыстау арқылы оқытуға негізделген. 1921 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы ағылшын тілінен «Америкалық комплексті оқыту әдісі» деген кітапты аударады. Ол кезде аталған кітап тіпті Мәскеуде аударылмаған еді. Мектеп баласы қаққан қазықтай отырып білім алмауы керек. Қозғалыста білім алғаны дұрыс. Баланың назарын бір затқа 10 минуттан артық байлап ұстау мүмкін еместігі де сол кітапта айтылған. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралды» жазғанда сол принциптерді де басшылыққа алған. Ал әлем педагогикасы оны қазір ғана белсенді қолданысқа енгізіп жатыр. Қазір финдердің, америкалықтардың мектебінде осындай жүйе бар.
Біздікілер америкалық жүйені қазір тікелей көшіріп әкеліп жатыр. Ал Жүсіпбек Аймауытұлы оны 100 жыл бұрын қазақ тіліне, діліне бейімдеп аударып қойған.
Ахмет Байтұрсынұлы: «қазақтың әліппесі – ана тіліміздің дыбыстарының жұмағы» дейді. Осыны оқыған әлем түркологтары таңғалады. Дыбыстар таңбаланғанда еркін тұруы керек. Бабамыздан қандай күйде жетті сол күйінде жазылып, айтылып, естілуі керек.
Кэмбридж университетінде Орталық Азияны зерттеу орталығы бар. Солар қыркүйекте келіп, осы сізге айтып отырған әңгіменің бәрін айтып беріңізші деп шақырып отыр. «Ахмет Байтұрсынұлы лингвистикада төңкеріс жасаған адам екен. Сол реформасын түсіндіретін адам жоқ» дейді. Яғни, барып дәріс оқимын. Олар соны жазып алып, аударып Еуропаға таратады. Ендігі бір үміт осындай ғылымға адал бастамаларда.
-Қазақ мектебіне «Әліппенің» қайта оралып жатқанын білеміз. Осы бетбұрысты пайдаланып, әліппені қайтадан өзіңіз айтқан «АР» сөзінен бастауға не кедергі сонда? Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқанын пайдаланып, неге саяси шешімнің шығуына ықпал етпеске?
- Кейбір алдыңғы толқынның Ахмет туралы ұстанымы қандай екенін сізге айттым. «Ол жоғары оқу орнын бітірген жоқ», «Біз сияқты академик емес», «Ондай адамды неге ауыздарыңнан тастамайсыңдар» деп ұрсатын. Қазір солардың шәкірттері ұстаздарының ұстанымына адалдық танытып отырған сияқты.
Тағы бір себебі – жемқорлық. 30 жылда коррупция ғылымға да орнықты. Оқулық шығаратын адамдар Ахмет Байтұрсынұлының керектігін мойындаған бола отырып, одан бері ғылым өзгеріп кетті емес пе деген уәжді алға оздырғысы келеді. Ондағысы «Тапсырысты мемлекеттің айтқан уақытында, қалауына сай тындыра қойса, ақшасын да жылдам береді» деген қисынға саяды. Сондай ұстанымдағылар Ахмет Байтұрсынұлын аттап өтіп, тыз етпе жеңіске ұмтылып жүр.
- Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері төте жазумен шыққаны анық болғанымен бізге жетпегенін айтып отырсыз ғой. Соның бәрін репрессияның отын көсеушілер тып-типыл құртып жіберді дегенге сену қиын. Ел ішінде бірді-екілі кітабы сақталуы керек еді ғой. Бәлкім әлгі «Ахметтің атын ақырын айтыңдар» дейтін аға буын өкілдері өз атынан пайдаланып кеткен шығар. Ондай фактілер бар ма?
- Ондай жайттар бар. Жұлып алып, өз атынан жариялағандар бар. Бірақ олардың фамилияларын айта алмаймын. «Әдебиет танытқыштың» соңғы тарауы жоқ, мысалы. Ол да ұрланған. Содан кейін Мұхтар Әуезов «Мәдениет тарихы» деген кітабы 1923 жылы шықты деп жазады. Ол кітап күні бүгінге дейін жоқ. Жайық Бектұровтың дерегі бойынша, Әлімхан Ермеков «Мәдениет тарихының» кітап болып шыққанын көрген. Оның көзінше бір данасын Ресейдегі Әлихан Бөкейханұлына жібереді. Бір данасын Бәдриссафа апамыздың сақтауына қалдырады. Әлиханның жеке кітапханасы масондық ложа мүшесі Ольденбургтің не Бонч Бруевичтің жеке мұрағатында сақталуы ықтимал деген дерегіміз бар. Бұл тұрғыда ізденіс жұмыстары жалғасуда. Ольденбургтың немересі Америкада тұрады. Мен 3-4 рет хат жаздым. Ленинградтың түбінде Ольденбургтің үлкен кітапханасы сақтаулы екенін растады. Бірақ оның ішінде Әлиханның қандай дүниелері бар екенін білмейді. Америкадан Ресейге бармағанына 20 жыл болып кеткен. 1929 жылы Ресей географиялық қоғамына жойқын репрессия жүрген. Соның ішінде Ольденбург те бар. Енді АҚШ-тағы ұрпағы бармаса, Ресейде ол кітапхананы бізге ешкім ашып бермейді. Ал ол әзірге Ресейге барғалы отырған жоқ.
-Академиялық басылымда Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық мұрасы қамтылды ма?
- Абайдың үш томдық академиялық басылымын шығарғанда әндері де қамтылған болатын. Орындаушылар келіп, нотаға түсірілген. Ахмет Байтұрсынұлының да әншілік дәстүрі бар. Ол туралы Адольф Янушкевич жазып кеткен. «Торғай өңірінің, Батыс Қазақстан өңірінің күйлері мен әндерін Ахмет Байтұрсынұлының өзі арнайы уақыт тауып орындап берді» деп жазады. Ал Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» дейтін кітабында Ахмет Байтұрсынұлының әндері деп атаған 4-5 туынды бар. Бірақ бүгін біздің консерваторияда отырған заманның мықтылары оның бәрі халық әндері дегеннен танбай отыр. Гүлнәр Дулатқызы Ахмет Байтұрсынұлының тізесінде отырып өскен. Ол кезде Әлиханда да, Ахметте де ұрпақ жоқ, Гүлнәр апайымыз екеуін де ата деп атаған. Сол кісі Ахмет Байтұрсынұлы «Екі жиренді», «Іңкәрді», «Аққұмды» өзімнің әнім деп орындайтынын, онда да көзінен жас парлап отырып орындайтынын айтып кеткен. Ол кезде Гүлнәр апайымыз ес біліп қалған бала. Бірақ біздің консерваториядағы жігіттер оның бәрін халық әні деп болмады. Сондықтан ондай даулы мәселеге бармадық.
«Сізге сұхбатқа келердің алдында ғана Ахмет Байтұрсынұлының жалғыз тікелей ұрпағы Шолпан апаның аман қалған жалғыз қызы Айман апайыммен сөйлестім. Осы сұхбатты пайдаланып сол кісінің басындағы қиындықты айтқым келіп отыр.
-Ол қандай проблема?
- Әңгіме арасында Торғайдағы бабасының тойына бара алмайтынын айтып көңілі босап кетті. Шақырту алған ғой, бірақ денсаулығы мүмкіндік бермей отыр. Өкпесіне қайта суық тиіп ауырып қалыпты. 12 жасынан бастап көрмеген қиындығы жоқ. Айман апа Алматыда совет заманында салынған панель үйдің 9 қабатында тұрады. Қызы Гүлнар мен жиені Әселдің қолында. Үйде ер адам жоқ. Төбеден қанша жыл ағып жатқан судан үйді ылғал жайлап, көк басып кеткен. Соның кесірінен қайта-қайта бронхит болады. Былтыр жамбас жілігі сынып үйінен 6 ай далаға шыға алмай қалған.
Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына үкіметтен біраз қаржы шыққан шығар. Бірақ осыны Ұлт ұстазының тікелей ұрпағы жалғыз немересі Айман апам сезінбегені өкінішті. «Аманат» партиясынан көктемде өкілдер келіп бастарын шайқап-шайқап, кейін хабарсыз кетіпті.
Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы ешқашан қол жайып көмек сұрамайды. Бірақ біз елміз ғой! Бізде де адал жолмен жүрген намысы бар кәсіпкерлер бар шығар? Алла қаласа Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойын ел болып атап өтеміз деп отырмыз ұлт азаттық қозғалыстың бесігі - қасиетті Торғайда!!! Ал Ұлт ұстазының жалғыз жиені осындай күй кешіп жатқанын естіген намысы мен иманы бар бір бауырымыз қол үшін беретін шығар деп осыны елге құлағдар етіп отырмын. Тұрған үйін музейге жақын жерге ауыстырып берсе де қанағат дер едік. Айман апамның бұл жағдайы - бәрімізге үлкен сын. Дегенмен елшіл, Отаншыл ер азаматтар бар деп сенгім келеді!
- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!