ҚФФ Әділет Барменқұловтың басшылықтан кеткенін растады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Әділет Барменқұловтың федерация президенттігінен кеткенін растады. 

ҚФФ Әділет Барменқұловтың басшылықтан кеткенін растады
Фото: Виктор Федюнин / Kazinfrom

«Ол мәліметті растаймыз. Сәл күтсеңіздер, сайтқа ресми ақпарат шығады», - деді федерациядағылар.

Бәрменқұлов Қазақстан футбол федерациясының тізгінін ұстап тұрған кезде спортшылармен, әсіресе, ұлттық құрама жігіттерімен емін-еркін қарым-қатынас орната алатын функционер ретінде көзге түсті. Оның кезінде футболдан ұлттық құраманың бас бапкері болып келген Могамед Адиев қазақ футболының бәсін біраз деңгейге көтерді. Алайда оның орнына мемлекеттік тілге қатысты дауға ілігіп үлгерген Станислав Черчесовтің сайлануын Әділет Бәрменқұловтың жұмысындағы қателік ретінде бағалайтын сарапшылар көп. Спорт журналистері Ә. Бәрменқұловті Қазақстан Премьер лигасында легионерлердің санын арттырған басшы ретінде сынап жүрді. 

Айта кетейік, Әділет Назарбайұлы ҚФФ басшылығына 2022 жылы 28 ақпанда тағайындалған болатын. 

Оған дейін 2020-2022 – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры болып жұмыс істеді.

Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің ЭЕМ математикалық қамтамасыз ету кафедрасының ассистенті (1993-1995) болып бастаған.

1995-1999 – «Tamos Education» ЖАҚ білім беру мекемесінің директоры;

1999-2000 – «Tamos» физика-математика мектебінің директоры;

2000-2002 – «Мұнай және мұнай өнімдерін сараптау және сертификаттау орталығы» ЖШС бас директоры;

2001-2005 – «Таймас» компаниялар тобының Президенті;

2005-2006 – «Атамекен» Қазақстанның жалпыұлттық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы басқармасының мүшесі;

2006 – «Еуразиялық зерттеулер институты» қорының Бас директоры;

2007-2012 - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы;

2012 - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы;

2012-2014 – «Арқа» басқарушы инвестициялық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі;

2014-2016 – «Қазақмыс корпорациясы», «Kazakhmys Holding» ЖШС коммерциялық директоры;

2016-2022 – «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Бас директоры болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының ұлттық құрама бапкерінің жалақысына қатысты мәлімдеме жасағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар