ҚХА-ның өткізіп жатқан шаралары шекаралық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған

АСТАНА ҚазАқпарат - Қазақстан халықтары ассамблеясының өткізіп жатқан шаралары шекаралық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған. Бұл жөнінде бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Интеграциялық үдерістер» тақырыбында өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталығының жетекшісі, Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасова мәлімдеді
None
None

«29 мамыр ЕЭО туралы келісімшартқа қол қойылған сәтте Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің үндеуін жариялады. Экономикалық интеграцияға жасалған қадам біздің болашағымызға, ХХІ ғасырда экономикалық жүйеде алатын орнымызға нақты өзінің бағасын берді. Әрине оның ішінде алда келе жатқан жұмыс өте көп. Қазірше біз тек қана сол келісімшартқа қол қойылған кезеңді ғана көрдік. Қазақстан әрдайым Еуропа және Азия ортасында мемлекеттерді, елдерді байланыстырып отырған халық. Сондықтан осындай шешімге бір күнде келдік деп айту негізсіз болар еді» дейді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның ұлттық бірлігін және қоғамдық келісімін сақтай отырып екіжақты қарым-қатынастарды Ресей және Беларусия халқымен тығыз байланыстырып отырғандығын айтқан ол, осы бағытта өткізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті.

«Мәселен, біздің Ассамблеяның әрдайым өткізіп жатқан үлкен-үлкен шаралары осы шекаралық қарым-қатынастарды нығайтуды көздейді. Жыл сайын Атырау қаласында «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» деген екіжақты фестиваль өткізіледі. Шығыс Қазақстанда «Беловодие» деп аталатын Халықаралық фестиваль, Омск қаласында IV халықаралық фестиваль өтеді. Алдағы уақытта Татарстаннан келетін үлкен қонақтармен бірге сабантой мерекесін өткізуді жоспарлап отырмыз» деді ол.

Айгүл Сәдуақасова осы уақытқа дейін де ЕЭО-ға мүше елдер бір-бірімен ғылым, мәдениет, сауда-саттық саласында жұмыс істеп жатқанымен, Одаққа мүше болудың арқасында олар бір-бірімен біржақты емес, бірнеше жақты қарым-қатнастарды қалыптастыруға жағдай жасайтын экономикалық кеңістік болатындығына сенімдері мол екендігін атап өтті.

Осы жиынға қатысып, журналистер сауалдарына жауап берген Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Этносаралық және діни толеранттық мәселелер жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметов те интеграциялық үдерістің мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Бұрын да бізге инвесторлар көп келетін, ал енді бұдан бұлай одан да көп келеді. Өйткені, инвесторлар неғұрлым тұтынушылар көп жерге шоғырланады. Қытайға неге көп инвесторлар келеді деп ойлайсыздар? Себебі онда миллиардтаған тұтынушы бар. Ал, бізде бұрын 17 миллион ғана тұтынушымыз болған болса, қазір енді біз 170 миллион тұтынушыға арналған өнім шығара аламыз» деді ол.

Профессор Қазақстанның инвесторлар үшін инвестициялық климаты өте жоғары екендігін де атап өтті.

«Президент қасындағы шетелдік инвесторлардың 27-ші отырысында Елбасы Қазақстанға инвестиция алып келіп жатқан 10 мемлекеттің азаматтарына елімізге визасыз кіріп-шығуына рұқсат берді. ЕЭО қарапайым халыққа не береді дейтін болсаңыз, оның жауабы осы. Елімізге инвесторлар неғұрлым көп келетін болса, соғұрлым біріккен кәсіпорындар көптеп ашылады, әлемдік стандарттарға сай тауарлар шығарылатын болса, біздің экономикалық әлеуетіміз де артады. Халыққа пайдасы осы емес пе?!» деп сөзін түйді Әділ Ахметов.

Соңғы жаңалықтар