ҚХА жылы аясында Батыс Қазақстан өңірінде бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ
Өңір басшысының атап өткеніндей, Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны мәлім. Сонымен қатар аталмыш жыл аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Ата заңның 20 жылдығы аталып өтіледі. Бұл шаралардың маңыздылығы сол, онда көп ұлт өкілдері мекендеген Қазақстанның сан ғасырлық тарихы көрініс табуы тиіс. Жеңістің 70 жылдығына байланысты Президент тапсырмасына сәйкес майдангерлерге құрмет көрсету жұмыстары жалғасады. Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты тың деректер жинастырылып, жаңа кітаптар жарық көреді. Облыс орталығында тыл еңбеккерлеріне ескерткіш орнату мәселесі де көтеріліп отыр. Қазақстан Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы да Тәуелсіз ел тарихындағы аса маңызды белестер болып табылады. Сондықтан мұндай шараларды ұйымдастыруға ерекше мән беріп, оған әркімнің де атсалысқаны жөн.
«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» сынды ауыл-аймақтың бүгінгі жарасымды тыныс-тіршілігін көрсететін шаралар жалғасын табады. Облыстық деңгейдегі шаралар республикалық жоспарға сәйкес түзіліп, жыл бойы өтетін болады. Мәселен, Ассамблея жылы еліміз бойынша бір мезгілде, 6 ақпан күні салтанатты түрде ашылады.
«Ең бастысы, мұның бәрі жалпы халықты кеңінен қамтып, жоғары деңгейде өтуі тиіс. Бұл жергілікті атқарушы органдардан үлкен жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетті қажет етеді», - деді әкім.
Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, 6 ақпан күні өңірдегі негізгі шараны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мәжіліс залы мен ғимарат алдындағы алаңда өткізу жоспарланып отыр. Театрландырылған көрініс жастар флеш-мобына ұласып, «20 ізгі іс» эстафетасы, республикалық және облыстық байқаулар басталады. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасын өңір басшысы Зеленов ауданына табыстайды. Тағаттылық пен қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік тілді дамытып, жастарды қолдау мен отаншылдыққа тәрбиелеу, қайырымдылық бағытында сегіз маңызды жоба жүзеге асырылмақ.