16:22, 28 Наурыз 2015 | GMT +5
ҚХА жылының символы Тайқазан Атыраудан Оралға жол тартты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында болған «ҚХА - 20 игі іс» республикалық эстафетасының символы Тайқазан көршілес Батыс Қазақстан облысына аттанды.

«Бірнеше күн Атырау облысында болған тайқазан жаңа игі істерге толықты. Облыста 56 қайырымдылық шарасы өтті. Осылайша 6 миллион 900 мың теңге жиналды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қаза тапқандардың әйелдеріне, аз қамтылған және көп балалы жанұяларға көмек көрсетілді», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде «Шексіз талант» қайырымдылық концерт-шарасы өтті. Оған этнобірлестіктің әртістерімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Олар ән айтып, би билеп, қолөнер бұйымдарын көрсетті. Концерт-шараға қатысқандардың барлығы қошеметке бөленіп қана қоймай, гүл мен сыйлықтарға ие болды.