КХДР АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери оқу-жаттығуларының салдары туралы ескертті

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның әпкесі АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери оқу-жаттығуларына сын айтып, бұл қолайсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Yonhap.

КХДР АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери оқу-жаттығуларының салдары туралы ескертті
Фото: Yonhap

Солтүстік Кореяның билеуші партиясы Орталық комитетінің департамент директорының орынбасары Ким Ё Чжон одақтастардың ядролық тежеу жоспарына сын айтып, Пхеньян бұл оқу-жаттығуларды «қазіргі билеушілердің» қақтығысқа бейім позициясының жалғасы деп санайтынын мәлімдеді.

— АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея тарапынан орынсыз жерде күш көрсету ойыны сөзсіз қолайсыз салдарға алып келеді, — деді Ким Ё Чжон.

Вашингтон мен Сеул 15-19 қыркүйек аралығында Оңтүстік Кореядағы АҚШ Қарулы күштері штабының Пхёнтхэк қаласында орналасқан Кэмп-Хамфрис базасында Iron Mace атты командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуларын өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл Nuclear Consultative Group (Ядролық кеңесші топ) нұсқаулықтарына сәйкес басталған Iron Mace оқу-жаттығуларының үшіншісі болмақ.

Осы кезеңде Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония Freedom Edge атты үшжақты әскери оқу-жаттығуларын өткізеді. Бес күндік оқу-жаттығулар Оңтүстік Кореяның Чеджу аралының шығысы мен оңтүстігіндегі халықаралық суларда өтеді.

Бұған дейін Ким Чен Ын Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен оқу-жаттығуларына қарсы пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар