Солтүстік Корея 13 гектар аумақты жоя алатын кассеталық бомбаны санақтан өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея тактикалық баллистикалық зымырандарға орнатуға болатын кассеталық бомбаны сынақтан өткізді. Ел билігі жыл соңына дейін оның бірнеше түрін әскерге беруге уәде етті, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

КХДР тактикалық зымырандарға арналған кассеталық оқтұмсықты сынады
Фото: Yonhap агенттігі

Кореяның Орталық телеграф агенттігінің (ЦТАК) мәліметінше, сынақ сенбі күні өткізілген. Солтүстік Кореяның Зымыран басқармасы кассеталық оқтұмсықтың жауынгерлік жағдайда қолдануға жарамдылығы мен жойқын күшін тексерген.

Сынақты Корея Еңбек партиясы Орталық комитеті бөлімінің бірінші орынбасары, Орталық әскери комиссия мүшесі генерал Ким Чен Сик бақылаған.

Кассеталық оқ-дәрі жарылған кезде ондаған, тіпті жүздеген шағын оқтұмсыққа бөлініп, кең аумақтағы бірнеше нысанаға соққы бере алады.

ЦТАК мәліметінше, Зымыран басқармасына қарасты ғылыми-зерттеу институттары «№2 стандартты үлгідегі кассеталық оқтұмсық» 12-13 гектар аумақты жоғары тығыздықтағы жойқын күшпен күлге айналдыруға қабілетті екенін растаған.

Зымыран басқармасының бас директоры кассеталық оқтұмсықтар мақсатына қарай төрт санатқа бөлінетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін әскери бөлімшелерге операциялық міндеттер мен нысаналардың ерекшеліктеріне қарай осы түрлердің барлығын таңдап қолдану мүмкіндігі беріледі.

Биыл сәуірде Солтүстік Корея Hwasong-11 Ra тактикалық баллистикалық зымыранына орнатылған кассеталық оқтұмсықты сынаған еді. Сол сынақты ел басшысы Ким Чен Ын мен оның қызы Чжу Э бақылаған. Сол кезде зымыран жүйесіне орнатылған кассеталық және жарықшақты мина оқтұмсықтарының жойқын күші тексерілген.

Еске сала кетсек, 29 қазан күні Солтүстік Корея онға жуық баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарладық.

Ал артынша АҚШ Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар енгізді.