ҚХЛ: Астаналық «Барыс» «Сочиді» жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчы аясында елордалық «Барыс» Сочидің «Сочи» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Барыс» биыл Құрлықтық хоккей лигасында сәтті ойын көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 46 ойыннан 65 ұпай жинап, жалпы турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді. Мамандар «Барыс» қатарынан төрт мәрте жеңіске жетсе, Гагарин кубогы кезеңіне жолдаманы ертерек қалтаға басатынын айтқан еді. Сондықтан біздің хоккейшілер үшін әрбір кездесудің маңызы артып тұрған жайы бар.

Айта кетейік, екі команда бұған дейін бір рет кездесті. Сочиде өткен ойында «Барыс» 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Сондықтан «Сочи» бүгінгі кездесуге ерекше дайындықпен келгені белгілі. Солай болып шықты. Алғашқы шайбаны ресейлік команда ойыншылары соқты. Бірінші кезеңнің 6-минутында Денис Мосалёв «Сочиді» алға шығарды. Дегенмен бұдан кейін екі команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылды және ол мақсатына жетті. «Барыс» хоккейшісі Кевин Даллман 27-минутта есепті теңестірді. Осы кезеңде Андре Петерсон өз командасын алға шығарды. Бұл шайба 46-минутта соғылды. Дегенмен, соңғы минуттарда біздің хоккейшілер ережені жиі бұзды. Тіпті, «Барыс» қарсылас команданың алты ойыншысына қарсы тұруға мәжбүр болды. Сол сәттердің бірінде Роберт Росен есепті теңестірді - 2:2. Осылайша, кездесу овертаймға ұласты. Бұл кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. Бірақ буллиттер сериясында «Барыс» мергендік танытты.

Еске салайық, «Барыс» бұдан бұрын өз айдынында екі кездесу өткізді. Алдымен 8 қаңтарда Хабаровскінің «Амур» командасынан 4:2 есебімен басым түсті, одан кейін Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» Астанада екі ойын өткізеді. Алдымен, 15 қаңтарда Мәскеудің «Спартагымен» ойнаса, 17 қаңтарда Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар