ҚХЛ: «Барыс» астанада «Сибирьден» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турында елордалық «Барыс» Новосібірдің «Сибирь» командасын қабылдады.

Осыған дейін новосібірліктер Шығыс конференциясында үздік сегіздікті түйіндеп тұрса, астаналықтар көш соңында еді.
Бірінші кезеңде айдын иелерінен Әлихан Әсетов есеп ашса, екінші таймда Всеволод Логвин 2:0-ге жеткізді. «Сибирьден» Георгий Белоусов есепті қысқартты.
Матч соңына таман Никита Сетдиков қос голдың авторы атанды. Қорытынды есеп – 4:1.
Осылайша, «Барыс» өткен жылғы желтоқсанның ортасынан бері алғаш рет негізгі уақытта жеңіске жетті. 17 желтоқсанда Мәскеуде «Динамоны» елордалықтар 2:0 есебімен ұтқан еді.
Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері 8 наурызда өз айдынында Мәскеудің ЦСКА командасын қабылдайды.
Шығыс конференциясында 33 ұпаймен «Барыс» бұрынғысынша соңғы орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын көш соңындағы «Барыстың» өз айдынында «Сибирьді» жеңе ала ма, соны жазған болатынбыз.