ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Адмирал» командасымен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 28 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) клубына қарсы өткізеді.

«Барыс» хоккей клубы
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін командалар 36 мәрте шеберлік байқасты. Оның 17-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.

Елордалық команда сапында Кирилл Савицкий жарақат алғандар тізімінен шығарылып, бірнеше күннен бері командамен жаттығып жүр. Ал Мэйсон Мореллидің матчқа қатысуы әзірге белгісіз.

Ресейлік команда жақында бірқатар хоккейшімен қоштасты. Олардың қатарында команданың ең нәтижелі ойыншысы Даниил Гутик, Игорь Гераськин мен Егор Петухов бар. Команда құрамын қақпашы Иван Кульбаков, қорғаушы Семён Ибрагимов және шабуылшылар Даниэль Усманов пен Егор Чезганов толықтырды.

Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Турнир кестесінде «Барыс» 39 ұпаймен 19-орынға жайғасса, «Адмирал» 34 ұпаймен 22-орында келеді.

Айта кетсек, қазақстандық клуб бұдан кейін үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 31 қаңтар және 2 ақпанда «Амур» (Хабаровск) командасымен кездессе, 4 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде «Нефтехимикке» есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар