ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Авангардпен» кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 10 қазанда елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізеді.

«Барыс» хоккей клубы
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Кездесу Қазақстан уақытымен 16:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 12 ойыннан кейін 14 ұпаймен он бірінші орында тұрса, «Авангард» 11 ойыннан кейін 11 ұпаймен он тоғызыншы орынға жайғасқан.

Айта кетсек, жарақатына байланысты ресейлік клубтан Егор Афанасьев, Александр Волков, Максим Лажуа және Николай Прохоркин алдағы кездесуге қатыса алмайды. Қазақстандық команда құрамынан Мәди Диқанбек осындай себеппен бүгінгі кездесуден тыс қалып отыр.

Екі команда арасындағы соңғы бес кездесудің екеуінде елордалық клуб жеңіске жетті.

Қазақстандық команда бұдан кейін екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 12 қазанда Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездессе, 14 қазанда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубтарымен ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде буллиттен «Спартакты» жеңді.