ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Северсталь» клубымен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 20 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізеді.

Ойын елорда уақытымен 19:20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 32 мәрте кездескен. Оның 17-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Қазір турнир кестесінде «Барыс» 29 ұпаймен 23-орында тұрса, «Северсталь» 69 ұпаймен 11-орында келеді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі бір ойынын елордада 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) клубына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Металлург» командасына есе жіберді.