ҚХЛ: «Барыс» бүгін Ресейде «Амур» командасымен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 31 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Амур» (Хабаровск) клубына қарсы өткізеді.

«Барыс» хоккей клубы
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Кездесу Қазақстан уақытымен 12:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қазірге дейін командалар 57 мәрте шеберлік байқасты. Оның 25-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.

Алдағы кездесулерде «Барыстың» бапкерлер штабы команданың орталық шабуылшысы Мэйсон Мореллидің көмегіне сене алмайды, ол жарақат алғандар тізіміне енгізілді.

Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Турнир кестесінде «Барыс» 39 ұпаймен 19-орынға жайғасса, «Амур» 41 ұпаймен 18-орында келеді.

Айта кетсек, қазақстандық клуб бұдан кейін екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 2 ақпанда «Амур» (Хабаровск) командасымен тағы бір мәрте кездессе, 4 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңілді.

Соңғы жаңалықтар