ҚХЛ: «Барыс» бүгін Ресейде «Локомотивпен» кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазірге дейін командалар 32 мәрте шеберлік байқасты. Оның 10-ы елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.
Кейінгі бес кездесудің біреуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласынан басым түсті.
Турнир кестесінде «Барыс» 21 ұпаймен 18-орынға жайғасса, «Локомотив» 38 ұпаймен 2-орында келеді.
Қазақстандық клуб бұдан кейін бір ойынын сырт айдында өткізіп, 17 қарашада «Сочимен» кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Металлургке» есе жіберді.