ҚХЛ: «Барыс» буллиттер сериясында «Ак Барсқа» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 16 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді.
Биыл жаңа маусымды «Ак Барс» сәтті бастады. Қазір олар 21 ұпаймен 5-орында келеді. Есесіне қазақстандық клуб ойындарын ала-құла өткізіп жүр.
Кездесу барысында алғашқы минуттан ресейлік клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде аталған клуб сапынан Григорий Денисенко 8, Михаил Фисенко 15-минутта екі шайба соғып кетті.
Қақпасына екі гол өткізіп алғаннан кейін «Барыс» командасы алға қарай ұмтылды. Көп ұзамай Всеволод Логвин 16-минутта есеп айырмасын қысқартты. Бұл - 21 жастағы жас хоккейшінің елордалық клуб сапында соққан үшінші голы.
Кездесу соңына таман «Барыс» сапынан Кирилл Панюков 43-минутта таразы басын теңестірді. Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Ак Барс» жеңімпаз атанды.
Енді қазақстандық клуб елордада тағы бір ойынын Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізеді.