ҚХЛ: «Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 9 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты.

Олардың қатарынан Олег Ли 19-минутта есеп ашса, одан кейін Сергей Дубакин 21-минутта басымдықты арттырды.

Елордалық хоккейшілер бұдан кейін қатарынан үш шайба соғып кетті.

Алдымен Райли Уолш 29-минутта мергендік танытса, одан кейін Кирилл Савицкий 32-минутта таразы басын теңестірді.

Ал 36-минутта Эмиль Галимов «Барысты» алға шығарса, 41-минутта ресейлік клубтан Кирилл Петьков гол соқты.

Негізгі кезеңде командалар 3:3 есебіне қанағат білдіріп, ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен елордалық клуб жеңіске жетті.


Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда бұдан кейінгі бір ойынды елордада 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізеді.

Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» командасы «Трактордан» овертаймда басым түсті.