ҚХЛ: «Барыс» елордада «Адмиралдан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 29 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық команда жылдам гол соғуға тырысты. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде елордалық хоккейшілер басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде 26-минутта Мэйсон Морелли есеп ашса, 37-минутта Всеволод Логвин мергендік танытты.

Үшінші кезеңде ресейлік команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен оған қазақстандық команда ойыншылары лайықты тойтарыс бере білді. Есесіне 57-минутта елордалық Аңсар Шайхмедденов басымдықты арттырды.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Енді елордалық клуб алдағы ойынын Астанада 1 қазанда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.