ҚХЛ: «Барыс» өз айдынында буллиттен «Сибирьге» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.
Командалар биыл сәтсіз ойынымен көзге түсіп жүр. Салдарынан екеуі де турнир кестесінде төменгі орындарда келеді. Сондықтан олар бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салды. Оған қоса қазақстандық клуб аталған қарсыласымен кейінгі бес кездесудің біреуінде ғана басым түскен болатын.
Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңнің 25-минутында «Сибирь» сапынан Вячеслав Лещенко көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Үшінші кезеңде елордалық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қарсылас клубтың қақпасының маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 59-минутында елордалық клубтан Мэйсон Морелли мергендік танытты. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Сибирь» жеңіске жетті.
Қазақстандық клуб бұдан кейін екі кездесуін сырт айдында өткізеді. Алдымен 16 желтоқсанда Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездессе, одан кейін 18 желтоқсанда «Динамо» (Мәскеу) (Новосібір) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада овертаймда «Спартактан» басым түсті.