ҚХЛ: «Барыс» елордада «Лададан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 14 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізді.

Барыс
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Қазақстандық команда плей-офф сатысына шығу мүмкіндігін қиындатып алды. Турнир кестесінде қазір олар 42 ұпаймен небәрі 19-орынға жайғасып отыр. Бұл жарысты жалғастыруға кедергісін келтіреді. Сондықтан елордалық клуб әрбір кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салып келеді. Дегенмен олардың тарапынан нәтижелі ойын байқалар емес.

Жанкүйерлер қазақстандық команданың бүгін «Ладаны» жеңетініне үміт артты. Өйткені, ресейлік клуб та биыл сәтсіз ойынымен көзге түсіп жүр. Турнир кестесінде олар 39 ұпаймен 20-орында тұр.

Кездесуде ресейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Андрей Чивилёв 1-минутта мергендігімен көзге түссе, одан кейін қазақстандық клубтан Иэн Маккошен 5, Кирилл Панюков 12, Семён Симонов 14-минутта үш шайба соғып кетті.

Екінші кезеңнің 34-минутында «Лада» сапынан Александр Лукин есеп айырмасын қысқартты.

Үшінші кезеңде «Барыстан» Райли Уолш 45, Тайс Томпсон 48-минутта гол соқса, оған ресейлік клубтан Тайлер Граовац 49-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті.

Қазақстандық клуб бұдан кейін үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 17 ақпанда Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) клубымен кездессе, 20 ақпанда Қытайдың «Шанхай айдаһарлары» (Шанхай), 22 ақпанда Ресейдің «Северстальв» (Череповец) командаларымен шеберлік байқасады.

 

Соңғы жаңалықтар