ҚХЛ: «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізді.

ХК «Барыс»
Фото: ХК «Барыс»

Турнир кестесінде «Барыс» 54 ойыннан кейін 44 ұпаймен 19-орында тұр. Ал, «Лада» 56 ойыннан кейін 66 ұпаймен 12-орында келеді.

Кездесу барысында ресейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Николай Демидов 17-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Одан кейін екі команданың есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен екінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Үшінші кезеңде «Лада» сапынан Остап Сафин 53-минутта буллиттен басымдықты арттыра түсті.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 0:2 есебімен жол берді. Бұл - олардың қатарынан төртінші жеңілісі.

Енді «Барыс» алдағы алты ойынын елордада өткізеді. Алдымен 28 қаңтарда Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) клубымен кездессе, одан кейін 31 қаңтарда «Авангард» (Омбы), 4 және 6 ақпанда «Амур» (Благовещенск), 8 ақпанда СКА (Санкт- Петербург), 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубтарымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар