ҚХЛ: «Барыс» плей-офф сатысынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысына шығу мүмкіндігінен айырылды. 

ҚХЛ: «Барыс» плей-офф сатысынан тыс қалды
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Қазақстандық команда төртінші жыл қатарынан плей-офф сатысынан тыс қалып отыр. Бұл жағдай Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасының Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» клубын 2:1 есебімен жеңгенінен кейін белгілі болды.

ҚХЛ-ның өткен маусымында «Барыс» Шығыс конференциясында 35 ұпай жинап, турнир кестесінде соңғы орынды місе тұтты. Ал 2023/2024 жылғы маусымда 50 ұпаймен көш соңында қалды. 

Қазақстандық команда соңғы рет 2021/2022 жылғы маусымда 1/4 финалда Ресейдің «Металлург» клубына жалпы серияда 1:4 есебімен есе жіберді.

Биыл «Барыс» 47 ұпаймен 19-орында келеді. Енді олар алда 6 ойын өткізеді. Алдағы кездесу 7 наурызда сырт айдында Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» командасына қарсы өтеді. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде СКА командасынан ірі есеппен жеңілді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум