ҚХЛ: «Барыс» Ресейде «Автомобилистен» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 16 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді.

ҚХЛ: «Барыс» Ресейде «Автомобилисттен» басым түсті
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Командалар биыл плей-офф сатысына жолдама алуға күш салып келеді. Осы мақсатта әрбір кездесуде ұпай қорын молайтуға күш салып жүр. Әзірге «Автомобилист» командасының турнир кестесіндегі жағдайы тәуір. Турнир кестесінде «Барыс» 30 ұпаймен 18-орынға жайғасса, «Автомобилист» 39 ұпаймен 10-орында келеді.

Кездесу барысында командалар жылдам гол соғуға тырысты. Алғашқы кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық команда қатарынан екі шайба соғып кетті. Алдымен Семён Симонов 25-минутта есеп ашса, 37-минутта Майк Веккионе мергендік танытты.

Үшінші кезеңде «Автомобилист» сапынан Максим Осипов 50-минутта есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін «Барыс» қатарынан Семён Симонов тағы бір мәрте гол соқса, Макс Уиллман 57-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, қазақстандық клуб бұдан кейін тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 18 желтоқсанда Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар