ҚХЛ: «Барыс» Ресейде «Салават Юлаевқа» есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 27 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Салават Юлаев» (Уфа) командасына қарсы өткізеді. 

ҚХЛ: «Барыс» Ресейде «Салават Юлаевқа» есе жіберді
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Кездесу барысында қазақстандық команда жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде олар қатарынан екі гол соғып үлгерді. Ойынның 11-минутында Макс Уиллман мергендігімен көзге түссе, одан кейін Майк Веккионе 13-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған «Салават Юлаев» сапынан Девин Броссо 17-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде ресейлік команданың белсенділігі байқалды. Алдымен елордалық клубтан Райли Уолш 27-минутта көзге түссе, одан кейін ресейлік командадан Шелдон Ремпал 29, Джек Родевальд 33-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Үшінші кезеңде «Салават Юлаев» сапынан Дин Стюарт 41-минутта гол соқса, елордалық клубтан Макс Уиллман 43-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Ойынның 44-минутында Шелдон Ремпал қайтадан «Салават Юлаевты» алға шығарса, Артём Пименов 57, Девин Броссо 59-минутта екі шайба соғып кетті.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 4:7 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық клуб бұдан кейін екі ойынын сырт айдында өткізеді.

Алдымен 29 қарашада Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен ойнаса, одан кейін 1 желтоқсанда «Сибирь» (Новосібір) клубтарымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар