ҚХЛ: «Барыс» Ресейдің «Ак Барс» командасына қатарынан екі мәрте жеңілді

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Барыс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform агенттігі

«Ак Барс» - елордалық клубқа қолайсыз қарсылас. Екі команда бұған дейін 50 мәрте кездесті. Оның 11-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті. Өткен ойында да қазақстандық команда қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберіп қойды.

Бүгінгі кездесуде де ресейлік клуб алғашқы минуттан бастап шабуылға көшті. Дегенмен алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде ресейлік клубтан Никита Лямкин 33, Дмитрий Кагарлицкий 36-минутта екі гол соғып кетті.

Үшінші кезеңде «Ак Барс» ойыншысы Евгений Свечников 59-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 10 қарашада елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық команда Ресейде «Ак Барсқа» есе жіберіп қойды.