ҚХЛ: «Барыс» тартысты ойында «Сибирь» командасын қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.

ҚХЛ: «Барыс» тартысты ойында «Сибирь» командасын қапы қалдырды
Фото: sportilinet.kz

Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Ал «Сибирь» жеті кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.

Турнир кестесінде «Барыс» 7 ұпаймен 19 орынға жайғасса, «Сибирь» 8 ұпаймен 17 орынды місе тұтып тұрған еді.

Бүгінгі кездесуде командалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы минутта ресейлік клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Олардың қатарынан Роман Калиниченко 5-минутта есеп ашса, небәрі 34 секундтан кейін әріптесі Скотт Уилсон басымдықты арттырды. Оған «Барыс» сапынан Семён Симонов 8, Дмитрий Бреус 22-минутта екі голмен жауап беріп, таразы басын теңестірді.

Одан кейін қайтадан Никита Сошников 23, Владислав Кара 27-минутта мергендік танытып, қайтадан «Сибирь» алға шықты. Ал «Барыс» сапынан Джейк Масси 30, Семён Симонов 37, Иэн Маккошен 48, Мэйсон Морелли 58-минутта төрт мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Осылайша қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 9 ұпаймен 13-орынға көтерілді.

Енді елордалық клуб алдағы екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 29 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасын қабылдаса, 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командасымен кездеседі.

Бұған дейін «Барыс» бүгін елордада «Сибирь» командасымен кездесетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар