ҚХЛ: «Барыс» түзде «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында елордалық «Барыс» кезекті кездесуін Новосібірде «Сибирь» командасымен өткізді.

Хоккей мамандары матч алдында айдын иелерін ойынның фавориті деп атаған. «Сибирь» соны дәлелдеп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кезеңде Тимур Ахияров есеп ашса, екінші таймда Владимир Бутузов өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Осыған дейін өз айдынында қатарынан 8 рет жеңілген «Сибирь» сол сәтсіз серияны тоқтатты. 27 ұпай жинаған новосібірліктер Шығыс конференциясында 9-орында болса, астаналықтар бұрынғыша 11-орында тұр.
Енді Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын хоккейшілер 29 қараша күні Магнитогорскіде «Металлургпен» шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» жеңіп жатып, жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.